ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұханбетов Есіл ауданындағы Покровка елді мекенінде жүр. Олар халықпен кездесіп, баспаналарын су басқан тұрғындарға көмек көрсетілетіндігін жеткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Mediа тілшісі.
Бүгін тасқын су Есіл ауданындағы Покровка елді мекеніне жетіп, ондаған үйді су басты. Баспанасына су кіргендердің бірі – Инга Тодоровская. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін ол, баспананы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы алған.
«Екі күн бұрын қорадағы малымызды шығарып, қауіпсіз жерге айдап алып кетті. Әкімдіктегілер, құтқарушылар барлығы көмектесіп жатыр. Алғысымыз шексіз. Қиын жағдай болғанда жалғыз қалдырмай, қолдан келген көмекті көрсетіп жатыр», — дейді Покровка ауылының тұрғыны Инга Тодоровская.
Бүгін мұнда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр мен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұханбетов келді. Олар баспаналарына су кірген тұрғындарымен кездесіп, оларға көмек көрсетілетіндігін жеткізді.
«Президентіміз тасқын судан зардап шеккен ешбір тұрғын назардан тыс қалмайды деді. Сондықтан көмек барлығына көрсетіледі. Ауданда төтенше жағдай режимін жариялау туралы жазбаны кеше аудан әкімі «Ашық НҚА» порталында қалдырды. Ал бүгіннен бастап арнайы комиссия құрылып, зардап шеккен үйлерді тексеретін болады. Бірақ, әзірге ол мүмкін болмай тұр. Ол үшін су деңгейі төмендеуі тиіс. Су кетісімен, комиссия әр үйге барып, барлығын жіті қарап шығады. Егер баспана тұруға жарамсыз деп таныса, онда жаңа баспана салып беріледі. Яғни, комиссия шешімі бойынша айтылған өтемақы әрбір отбасыға төленеді», — деді Ғауез Нұрмұханбетов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Ораза айт намазы 07:00-де оқылады