Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Бірлестік ауылындағы мектепте спорт зал жоқ. Сондықтан дене шынықтыру сабақтары далада немесе шағын кабинеттерде өтеді. Мұнымен қоса, білім ордасында зертхана, акт залы және әжетхана да жоқ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Елсанат Құрманқұл – 11-ші сыныпта оқиды. Қазір ол ҰБТ дайындалып жүр. Физика және математика пәндерінің мұғалімі болғысы келеді. Ауыл мектебінде арнайы кабинет пен құралдар болмағандықтан зертханалық жұмыстар сөз жүзінде ғана жүргізілетінін айтады.
«Химия, физика кабинеттерінде арнайы құрал-жабдықтар жоқ. Сондықтан барлық тәжірбиелерді тек жазып, сызып қана көрсете аламыз. Ал егер қажетті жабдықтар болса, лабараториялық жұмыстарға дайындалуға болатын еді. Біз оқуды аяқтап, кетеміз. Сондықтан артымыздан ерген іні-қарындастарымызға сол жағдай жасалса жақсы болар еді», — дейді мектеп оқушысы.
Бірлестік ауылындағы мектептің ғимараты 1991 жылы жатақхана ретінде салынған. Кейін оқу ордасына беріліпті. Асхана да аядай бөлмеде жұмыс істеп тұр.
«Тазалық жағынан сол асханаға көңілім қанағаттанбайды. Балалар су ішетін арнайы аппарат болуы керек қой. Мектепте ол да жоқ. Соны қарастырса жақсы болар еді», — дейді ауыл тұрғыны Диана Данкина
Шағын орталық пен медициналық пункт те мектеп ғимаратында орналасқан. Білім ошағы 58 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мектепте дене шынықтыру сабақтары даладағы алаңқайда өтеді. Мұғалімдер мектеп бағдарламасын қамту мүмкін емес екенін айтады. Қыс бойы қақаған аяз бен жаздың аптап ыстығында жұмыс істеу де қиын.
«Көрсетілген тақырыптарды қамту үшін біздің мектебіміздің мүмкіншілігі жібермейді. Волейбол, баскетбол – міне соларды біз игере алмаймыз. Өте қиындық туғызады. Өйткені ол жаңағы спорт залдың ішінде ойналуы керек», — дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жанат Мұқанов.
2020 жылы ауыл азаматтары ақша жинап, мектеп жанындағы мәдениет үйін қалыпқа келтіре бастаған. Жоспар бойынша спорт зал да болуы тиіс. Алайда қаражат таусылып, жұмыс аяқсыз қалған. Былтыр нысанды аудандық әкімдік өз меншігіне алыпты.
«Ғимараттың жарамдылығын зерттедік. Ендігі жылы мәдениет орталығына ремонт жасау жоспарда бар», — дейді Айыртау аудандық мәдениет үйінің директоры Меруерт Зұлқарнай.
Бос тұрған ғимарат әзірге кептерлердің мекеніне айналған. Ал құрылысты аяқтау үшін 117 млн теңге қажет.
Тағы оқыңыз:СҚО-да өрттен 27 адам көз жұмды