Өңір жетекшісі Айдарбек Сапаров АҚШ делегациясымен кездесу өткізді. Жиын барысында Манаш Қозыбаев пен Аризона университеттері арасындағы ынтымақтастықтың келешегі талқыланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Білім беру ошақтарының ынтымақтастығы арқасында жергілікті жоғары оқу орнының студенттері үшін үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Аризона университеті әлемдегі үздік 100 оқу орнының қатарына кіреді. Бүгінгі таңда екі білім ошағы тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мұнымен қоса, алға қойылған жоспарлар да ауқымды. Дегенмен бірқатар мәселені пысықтау қажет. Аризона Университеті вице-президентінің орынбасары Дэниел Палмның айтуынша, студенттердің ағылшын тілін үйренуі аса маңызды мәселенің бірі. Осы ретте бұл жұмысты ерекше назарға алған жөн.
«Біздің міндетіміз –әлемдік деңгейде өзін көрсете алатын тамаша университет құру. Сіздер жақтан көрсетіліп жатқан қолдауларыңызды өте бағалаймыз. Студенттердің ағылшын тілін жақсы меңгеруін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеп жатырмыз. 100-ден астам шетелдік оқытушыны шақырту жоспарда бар. Дәлірек айтсақ, 140 ұстазды тартпақшымыз»,-дейді Аризона Университеті вице-президентінің орынбасары Дэниел Палм.
Университетке оқуға түсуге ниет білдіргендердің саны көп көрінеді. Тек жатақхана тапшылығы мәселесі шешілсе болғаны. Қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр. 1 қыркүйекке дейін өңірде 244 орындық жатақхана пайдалануға беріледі. 1200 адамға шақталған тағы бір нысанның құрылысы 2024 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
«Осы күзде 500 студентті қабылдауды жоспарлап отырмыз. 1000 студентті де қабылдай аламыз. Мәселе тек жатақханалардың болуында. Қазіргі таңда делегация өкілдері бүкіл Қазақстанды аралап, жастармен кездесу өткізуде. Студенттер оқуға келгісі келеді. Тек жатын орынның жоқтығына алаңдауда. Бұдан бөлек, студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, «тәжірибелік фермаларды» іске қосуға болады»,-дейді Аризона университетінің СҚО-дағы өкілі Хью Холлман.
Жатақхана мәселесіне қатысты Облыс әкімі де пікір білдірді. Айдарбек Сапаров нысандардың құрылысы бойынша жұмыс қатаң бақылауда екенін жеткізді.
«Біз бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз. Барлық проблемалық мәселелерді шешеміз. Өзімізде жатақхананы тезірек салу үшін қолымыздан келгенше жұмыс атқарудамыз. Мұғалімдер үшін де тұрғын үй мәселесін қалай шешу керектігін ойластырып жатырмыз»,-деді кездесу барысында СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Қазір жатақханалар құрылысы кестеге сәйкес жүргізілуде. Аймақ басшысы бұл жұмысты мүмкіндігінше тез іске асыру керек екенін айтты.