Су тасқыны кезінде СҚО-ға өзге өңірлерден көмекке келген құтқарушылар үйлеріне қайта бастады. Олардың алғашқы легі 18-ші сәуір жолға шыққан, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Солтүстік Қазақстанда су тасқыны басталғанда алғашқылардың бірі болып көмекке Түркістан облысының құтқарушылары келген. Кейін Қарағанды, Павлодар, Астана, Алматы, Абай және Ұлытау облыстарының мамандары тартыла бастады. Тасқын сумен күрес жүргізу үшін олар техникаларын да әкелген. Құтқарушылар адамдарды қаупсіз жерге көшірісіп, бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүргізді.
«Жалпы су тасқынымен күреске 5200 маман жұмылдырылды. Кеше біз Алматы қалалық ТЖД қызметкерлерін салтанатты түрде шығарып салдық. Бүгін Абай облысынан келген құтқарушылар үйлеріне аттанады. Қиын кезеңде бізге қолдау көрсеткен әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз. Қазір жағдай тұрақталып келеді. Бүгіндері су тасқынының бірінші толқыны шарықтау шегіне жетіп, екінші кезеңі басталды», — деді СҚО ТЖД су тасқынына қарсы жедел штабтың бастығы Аслан Ахметжанов.
Айта кетейік, бүгіндері Сергеев су қоймасы 169 пайызға толық. Бір тәулікте ондағы су деңгейі 41 см артқан. Ал Ғ. Мүсірепов ауданындағы Тоқсан би гидробекетінде су бір тәулікте 71 см көтерілді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен 5000-ға жуық адам ХҚКО жүгінген