Тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға Ингушетия Республикасы 20 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Бұл жүк «Радуга» ЖШС қоймасына түсірілді. Тұрмысқа керекті заттар кейін мұқтаж жандарға таратылмақ, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ингушетия Республикасынан келген гуманитарлық көмек эвакуациялық пункттерде таратылатын болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» акциясы аясында бұл заттар тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға табысталады. Жүк көлігімен дәрі-дәрмекке дейін жеткізілген.
«Біраз қорқыныш болды. Алыс жолдан келе жатқандықтан заттар Петропавлға қалай жетеді, шекараны өтер кезде қиындықтар болмай ма, жол қалай болады екен деп уайымдаған болатынбыз. Бірақ бәрі жақсы. Қазір міне түсіріп жатырмыз, көмегіміз зардап шеккен отбасыларға жетсе болды. Бұл жүктің осы жаққа келуінің басты себепкерлері мен және Сұлтан Гадзиев. Сондай -ақ шешен-ингуш мәдени орталығы мен Маңғыстаудың ҚХА», — деді ҚХА кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті Джамбулат Тангиев.
Гуманитарлық көмекті түсіруге Ұлттық Ұлан академиясының 30 сарбазы жұмылдырылды. Осы уақытқа дейін көліктерден жүкті түсіріп, эвакуациялық пунктерге жеткізуге облыс бойынша 1200-ден астам волонтер тартылған.
«Жалпы СҚО ҚХА атынан осы қиын кезде бізге бірінші күннен көмектескен барлық тұрғынға алғысымызды айтамыз. Басқа елдерден де көмек келіп жатыр. Барлығы осы жағдайды көріп өздерінің қолдауын білдіруде», — деді СҚО ҚХА еріктісі Сәлімхан Сабитов.
Тағы оқыңыз:Қызылжар ауданында 860 адамға әлеуметтік төлем берілді