Бүгін Солтүстік Қазақстан облысына Өскемен қаласынан 19 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Жүк тиелген көлік кеше таңғы сағат 4 жолға шыққан екен. Көмек ел көлемінде жүріп жатқан «Жүректен жүрекке» акциясы аясында жиналған. Жалпы акция аясында тасқыннан зардап шеккен өңірлерге 400 млн теңге жиналып, 390 тонна гуманитарлық көмек жеткізілген, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бүгін өңірге Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласынан бір фура гуманитарлық көмек жеткізілді. Оның ішінде бір тонна ұн, 100 литр сұйық май, гигиеналық және өзге де тұрмысқа қажетті заттар бар. Мұны қоғамдық ұйымдары мен жеке кәсіпкерлер және ШҚО тұрғындары бес күн ішінде жинаған. Сондай-ақ зекет және қайырымдылық қоры 1,5 млн теңгені өңіріміздің бас иманына табыс етті. Қаражат мұқтаж жандарға үлестірілетін болады.
«Солтүстік Қазақстанға гуманитарлық көмек алып келдік. Заттардың ішінде азық-түліктен бөлек етіктер мен киімдер, дәрі-дәрмек те бар. Шығыс Қазақстан облысы осы солтүстіктегі бауырларымызға жағдайдың тезірек оңалып, жақсылық пен берекетте болуын тілейді», — деді зекет және қайырымдылық қорының ШҚО бойынша өкілі Берік Кәдірұлы.
Қазақстан халқы ассамблеясы мен зекет және қайырымдылық қоры ұйымдастырған игі бастамаға студенттер, ауыл, AMANAT партияларының мүшелері және қаламыздың еріктілері қатысып жатыр. Жалпы алғанда 100-ден астам адам жұмылдырылған. Еріктілер барлық тауарды рет-ретімен жүк көліктеріне тиеп, орналастырады. Алғашқысы Бескөл аудылдық округіне жөнелтілді.
«Бірінші кезекте су басқан жағдайы күрделі елді мекендердің тұрғындарына қажетті заттарды апарамыз. Жалпы зардап шеккендер ҚМДБ мен Қазақстан халқы ассамблеясының колл орталықтарына хабарласып, жауап ала алады. Арнайы мамандар міндетті түрде бағыт-бағдар беріп, мәселені шешуге көмектеседі», — деді облыстық дін істері жөніндегі басқарманың бас маманы Нұртас Нұрмағанбет.
Тағы оқыңыз:Эвакуацияланған ауылдарды полицейлер күзетеді