Облыста 2023 жылдың 1 қазанынан бүгінгі күнге дейін ЖРВИ жұқтырудың 55687 фактісі тіркелген. Бұл өткен эпидемиялық маусыммен салыстырғанда 1,7 есе көп. Науқастардың 66 пайызы 14 жасқа дейінгі балалар, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ал, А тұмауының алғашқы жағдайы өңірде 2023 жылы қарашасында анықталды. Тұмау жұқтыру фактілері өткен аптадан көптеп тіркелуде. Қазір 29 адам ауырып жатыр.Тұмаумен науқастанғандардың көбі Петропавлда тіркеліп отыр. 11 жағдай. Кейіннен Қызылжар ауданында — 9, М.Жұмабаев ауданында — 4, ал Ғ.Мүсіреповте- 3, Аққайың ауданында- 2 және Тимирязев ауданында- 1 жағдай тіркелген.
«Тұмау бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауын ескере отырып тұрғындарды сақ болуға шақырамыз.Адамдар көп жиналатын жерлерде маска тағып, аурудың белгілері бар яғни жөтеліп, түшкіріп жүрген адамдармен тығыз байланыста болудан сақ болыңыздар дегім келеді»,-деді СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.
Мамандардың сөзінше, тұмау вирусы ауа тамшылары арқылы ғана емес, сонымен қатар қолдың, мұрынның, көздің, ауыздың шырышты қабаттарымен байланыста болған кезде және тұрмыстық заттар арқылы да жұғады екен. Сондықтан да,тұрғындарға сырттан келгеннен соң мұрын қуысын шаюға кеңес береді. Бөлмені үнемі желдетіп, құрамында С дәрумені бар тағамдарды көп жеу ұсынылады.
Тағы оқыңыз:СҚО-да биыл 6 автокөлік өртенді