Үстіміздегі жылдың аяғына СҚО ауылдарында тұратын 10 мыңға жуық тұрғын қаржылық сауаттылық бойынша білімдерін арттырмақ. Бұған «Қарызсыз қоғам» жобасы септеседі. Облыс азаматтарын оқыту курстары бүгін басталды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«AMANAT» СҚОФ баспасөз қызметінің мәліметінше, аталған жоба «Halyk Bank» — пен бірлесіп «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асып отыр. Негізгі мақсат – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Жоба шеңберінде кредиттер бойынша қарыздары және ықтимал мерзімі өткен ауыл тұрғындары білім алуда.
«Жобаның шарттарын мемлекеттен жеңілдікті кредиттер алғысы келетін ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер пайдалана алады. Оқыту бағдарламасы қаржылық жоспарлау және бюджетті басқару бойынша кеңес беруді де қамтиды. Оқыту тегін өтеді, осы жылдың соңына дейін жалғасады», — деп хабарлады баспасөз қызметі.
Мамыр айында жоба Аққайың, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Қызылжар және Мамлют аудандарында басталды. Келешекте өзге де аудандар қосылады деп жоспарланып отыр. Тренингтер 5 күн ішінде өтеді, әр топта 30-дан 50-ге дейін адам оқиды.
«Адамдар несие алып, оны тез өтейтіндеріне сенеді. Бірақ қарыз мөлшері жинақталып, көбейе береді. Біздің идеямыз – азаматтарды өз қаржысын тиімді басқаруға және шығындарын жоспарлауға үйрету. Жоба оларға қарыз жүктемесін қалай жеңілдетуге болатыны туралы практикалық кеңестер алуға көмектеседі. Сонымен қатар, азаматтар қаржылық мәселелердің қалай қалыптасатынын, алаяқтық әрекеттерді қалай тануға болатынын біле алады», — деді «AMANAT» партиясы СҚОФ төрағасы Әсем Рахметова.
Тағы оқыңыз: 26 жыл трактор тізгіндеген әже