Елордалық бизнесмендер су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарға гуманитарлық көмек жеткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
«КIТ» бизнес қауымдастығы Қазақстан бойынша 400-ден астам кәсіпкердің басын біріктіріп отыр. 8 сәуірде бизнесмендер гуманитарлық көмек жинауды бастаған. Нәтижесінде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға 300 млн теңгеден астам қаражат жиналған. Оған 30 тонна қажетті тауар сатып алынды.
«КIТ» қауымдастығындағы резиденттер осы 5-6 күн ішінде қомақты көлемде қаржы жинадық. Оның бір партиясын Оралға, тағы екеуін Атырауға жібердік. Бүгін екі ұшақ 10 тонна жүкпен Петропавлға келді. Қаржы жинауды тоқтатпаймыз. Әлі де көмек болады», — деді «КIТ» бизнес қауымдастығының директоры Дамир Жайдарбек.
Петропавлға жеткізілген жүктің ішінде азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажет тауарлар, киім-кешек, аяқ киім, қайықтар, сорғылар және тағы басқалары бар. Оның бәрі қазір қиын жағдайға тап болған тұрғындарға аса қажет-ақ.
«Маған кеше хабарласып, гуманитарлық жүкті қарсы алуымды сұрады. Мен облыстық мәслихат және біздің партия атынан бұл жұмысты бақылауға алдым. Волонтерлерді, әскерилерді және әкімдік өкілдерін көмекке шақырдық. Жүкті түсіріп алдық. Қажетті адамдарға жеткізетін боламыз», — деді облыстық мәслихаттың депутаты Сергей Домаев.
Гуманитарлық көмек қабылдау пункттеріне жеткізіліп, кейін тізім бойынша халыққа таратылатын болады.
Тағы оқыңыз:Президент СҚО-да су тасқынымен күресіп жүрген жандарға алғысын білдірді