Еркін күрестен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан Түркияда өтіп жатқан халықаралық турнирде қола медаль иеленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Түркияның Анталья қаласында Яшар Догу, Хамит Каплан және Вехби Эмрені еске алуға арналған, халықаралық турнир өтіп жатыр. Дүбірлі додаға жерлесіміз Ризабек Айтмұхан да қатысып, ел намысын қорғады. Ұлттық құрама спортшысы 97 кг дейінгі салмақта күресіп, жартылай финалда қарсыластарына есе жіберіп алды.
Сөйтіп, бірінші орын Бахрейннен келген Ахмед Тажудиновқа бұйырса, күміс медальды АҚШ спортшысы алды. Ал қола жүлдені екі спортшы иеленді. Ол — молдовалық Раду Лефтер мен Ризабек Айтмұхан.
Бұл Ризабектің Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақта сынға түскен алғашқы халықаралық жарысы. Осыған дейін ол жыл басында 97 кг дейінгі салмақта Қазақстан чемпионатында күміс жүлдеге ие болған еді.
Айта кетейік, Ризабек Айтмұхан еркін күрестен тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы. Былтыр ол 92 келіде сайысқа шығып финалда әзербайжандық Осман Нурмагомедовті жеңді.
Тағы оқыңыз: СҚО жолдарында көктайғақ болуы мүмкін