М. Қозыбаев атындағы СҚУ студенті мен университет қызметкерінің арасында туындаған жанжал әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен талқыға түсуде. Желіде тараған жазба бірден бірнеше пабликтерде жарияланды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Видео авторының сөзінше, студент оқытушыға дауыс көтеріп балағаттаған. Соңы тіпті төбелеске ұласа жаздапты. Кейін желі қолданушылары оның оқытушы емес, киімжайда істейтін қызметкер екенін жазды. Жанжал да киімжайға қатысты шыққан. Бейнежазбада өзге жастардың студентті сабырға шақырғанын байқауға болады. Бірақ жігіт оны елемеген сыңайлы. Әлеуметтік желі қолданушылары жазбаның астына түрлі пікір жазып қалдыруда. Бірі студентті қолдаса, енді бірі оның қылығын «шектен шыққандық» дейді.
«Құқық қорғау органдары мына жас жігітке назар аударса деймін. Оның қылығы оқытушыларға ғана емес, студенттерге де қауіп төндіреді. Бүгін былай жүрсе, ертең университетке қару не балта алып келуі ғажап емес», — деп жазды желі қолданушылары.
Бұл фактіні полицейлер ақпараттық есеп кітабына тіркеген.
«Оқиға орнына келген полицейлер университет қызметкерін балағаттаған 18 жастағы қала тұрғынын анықтады. Оған қатысты «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша әкімшілік матриал жиналып, сотқа жолданатын болады», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Үш облыста жол қозғалысы шектелді