Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын тойлау аясында С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының жаңа ғимаратында «Тұранның тұғырлы тұлғасы» атты халықаралық айтыс өтіп жатыр. Оған Қазақстан, Өзбекстан, Монғолия, Қырғызстан мемлекеттерінен от ауызды, орақ тілді 16 айтыскер ақын қатысуда, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ақайыңдар өлкесінде басы қосылған ақындар Алаштың ардақты ұлы, сөз зергері Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармаларын жырлады. Әрқашанда халықтың көкейінде жүрген түйіткілді мәселелерді де көтеруге тырысатын айтыскерлер бұл жыр додасында да елдегі проблемаларды әдемі әзіл-қалжыңмен жеткізе білді. Қазақтың сүйікті ұлы, ақын Айбек Қалиевтің өнерін қызырлы Қызылжар жұртшылығы асыға күтті.
«Осыдан 20 жыл бұрын Мағжан атамыздың 110 жылдығына орай ұйымдастырылған айтысқа келіппін. Мағжан атамыз бүкіл түркі әлеміне ортақ тұлға. Әдебиеттегі, қазақ поэзиясындағы орны ерекше. Қазақ поэзиясын 1 ғасыр алға жылжытқан кемеңгер ақын. Оның тойы бүкіл түркі халықтары деңгейінде тойлануы тиіс», — дейді айтыскер ақын Айбек Қалиев.
Жыр додасына Нұрсұлтан Малдабаев Қырғыстаннан арнайы келген. Ол Мағжан шығармаларымен жақсы таныс. Және жерлесіміздің туындылары жастардың жүрегінде үміт отын жағып, білімге деген құштарлығын оятады деген сенімде.
«Қазақстанда өткізіліп жатқан 4-ші айтысқа қатысуым. Бүгін Алаштың ардақты ұлы Мағжан атамыздың 130 жылдығына оарй ұйымдастырылған айтыста өнер көрсетіп тұрғаныма қуаныштымын. Елге жүлдемен қайтамын деген үміттемін», — дейді қырғызстандық ақын Нұрсұлтан Малдабаев.
Айта кеткен жөн, айтыстың ақтық сыны ертең, яғни маусымның 24-і Алаштың ардақты ұлы Мағжанның туған ауылы Сарытомарда өтпек. Бас жүлдеге тігілген автокөліктің қай жүйрікке бұйыратын Qazaqstan Media сайтынан оқып білетін боласыздар.
Тағы оқыңыз: Университеттерге құжат қабылдау басталды