«Береке» ықшам ауданының тұрғындары 80 келі палау пісіріп, наурыз көже дайындаған. Сөйтіп, петропавлдықтар бірігіп, көрші-қолаңмен Ұлыстың Ұлы күнін тойлап жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Береке» ықшам ауданындағы Гастелло көшесі, 42, 44, 46 үй тұрғындары жыл сайын Наурыз мейрамын көрші-қолаңмен тойлауды әдетке айналдырған. Дәстүрден жаңылмаған петропавлдықтар биыл да үлкен мереке ұйымдастырды.
«Үш үйде 200-ге жуық пәтер бар. Солардың барлығы қосылып, осындай үлкен мереке жасады. Балаларға арнап спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Жалпы, тұрғындар белсенді. Наурыз мейрамын кең ауқымда тойлауға ниет білдірген жандарға алғысым шексіз», — дейді «Гастелло 46» МИБ төрағасы Азамат Қасенов.
Әйелдер қауымы дастархан жайып, мерекеге келген тұрғындарға үйден пісіріп әкелген бауырсақ, бәліш пен тәтті тоқаштарын ұсынуда. Қыз-келіншектер мейрамның басты тағамы — наурыз көжені де дайындаған. Ол да ыстық қалпында үлестіріліп жатыр.
Ал ерлер жағы палау пісіріп жатыр. Ол үшін тұрғындар арнайы ет сатып алған.
«Осы мерекеге орай арнайы бір қойдың етін сатып алдық. 15 келі күріш, сәбіз, пияз алынды. Қазір содан екі 100 литрлік қазанмен палау пісіріп жатырмыз. Мерекеге келген тұрғындарға 80 келіге жуық палау үлестіріледі. Сосын жақын маңдағы №24 және №26 мектептермен келісіп, концерт әзірледік», — деді Гастелло көшесіндегі 44 үйдің тұрғыны Айгүл Әбдірәлиева.
Балаларға арнап аниматорлар шақыртылған. Сондай-ақ, шахмат, дойбы, асық ату және арқан тарту сынды спорт жарыстары ұйымдастырылды.
Ал үлкендер концерт тамашалауда. Арасында қосылып ән айтып, би биледі. Шашу шашып, бір-бірімен қауышып, мереке құтты болсын десті.
Ұлттық мерекемізді осылай кең ауқымда тойлап жатқан тұрғындарды қала басшылығы да құттықтап, алғысын білдірді.
«Сіздерді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиевтің атынан Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Әр шаңыраққа бақыт, шаттық ала келсін. Еліміз гүлдене берсін. Осындай жақсы істің басында жүрген әр жанға алғысымыз шексіз», — деді тұрғындарды мерекемен құттықтай келген Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Қалия Төренова.
Құттықтау сөзден кейін қала әкімінің орынбасары шаһар басшысының атынан тұрғындарға шөп шабуға арналған триммер сыйлады.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық жастар Аналар үйіне барып, қыз-келіншектерге сый жасады