Петропавлда Азамат Нұрпейісовты еске алуға арналған кикбоксингтен «Қызылжар» турнирі басталды. Сайысқа еліміздің 9 облысынан 70-ке жуық спортшы келген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Азамат Нұрпейісов кибоксингтен Азия және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ол әскери институтты тәмамдаған соң «Бүркіт» арнайы жасағының офицері болды.
«Он екі жасынан бастап спортқы қызыға бастады. Әртүрлі сайыстарға барып жүрді. Күрескеде қатысатын. Содан кейін кикбокс ұнап, тұрақтап қалды. Руслан дейтін жаттықтырушысы болатын. Бірге алып жүрді, содан спортшы ретінде қалыптаса бастады. Сөйтіп, кішігірім сайыстарда жеңімпаз атанып медальдар ұта бастады. Көбісі қазір үйде, қабырғада ілініп тұр, көбі алтын», — дейді турнирді тамашалауға келген А. Нұрпейсовтың әкесі Ерік Нұрпейісов.
Аталмыш сайыс дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Оған әрдайым еліміздің түпкір-түкпірінен спортшылар келіп, небәрі 27 жасында ауыр дерттен көз жұмған чемпионды еске алады. Биыл ұйымдастырылып отырған турнирде өңір намысын 20-ға жуық кикбоксшы қорғамақ.
«Бұл сайыста жасы 18-ден асқан ерлер 12 салмақ дәрежесі бойынша жұдырықтасатын болады. 2 кезең бар. Біріншісі, белден жоғары соққы жасауға негізделген фул-контакт. Онда 6 салмақ дәрежесі бар. Ал екіншісі, К1 бұл кикбокстің қаталдау түрі, мұнда да спортшылар 6 салмақ дәрежесі бойынша қатысады», — деді кикбоксингтен облыстың бас жаттықтырушысы Әділ Нұржаупов.
Айта кетейік, турнир 3 күн өтеді деп жоспарланған. Жеңімпаздарға кубок пен медальдар табыс етіледі.