Бүгін өңірде мұғалімдер күніне орай салтанатты жиын өтті. Кәсіби мерекесіне орай 20-дан астам ұлағатты ұстазға құрмет көрсетілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бүгін өңірде мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Кәсіби мерекеге орай еңбегі ерен ұстаздар қауымын аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
«Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын. Балаға білім беру әрқашан жоғары құндылыққа ие.Ұстаз — ұлағатты есім. Шәкірттеріне білім, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор. Сіздерді сыйлайтын, еліне адал қызмет ететін шәкірттеріңіз көп болсын.»,-деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Салтанатты жиында 20-дан астам ұлағатты ұстазға құрмет көрстілді.Еңбегі еленгендердің бірі — Лебяжье негізгі орта мектебінің математика пәні мұғалімі Наталья Лабуш. Ол ұстаздық қызметке өзінің 40 жыл өмірін арнаған.
«Бұл мамандықты 9-шы сыныпта оқып жүрген кезімде таңдадым. Өзіме математикадан беретін ұстазым үлгі болды. Ал қазір өзім де көпжылдық тәжірибесі бар ұстазбын. Көп шәкіртім ізімнен еріп, мұғалім болуда. Маған балалармен жұмыс істеген ұнайды. Бұл маған күш береді.»,- дейді Лебяжье негізгі орта мектебінің математика пәні мұғалімі Наталья Лабуш
Жиында ұлағатты ұстаздарға «М.Жұмабаев» төсбелгісі де табысталды. Мұндай марапатқа «Баларман» серіктестігінің басшысы Балдырған Ілиясов лайық деп танылды. Азамат 40 жыл бойы өңірдегі білім саласының дамуына зор үлес қосып келеді.
«Еңбек жолымды Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында оқу ісі меңгерушісінен бастадым. Кейін қалаға келдім. Ең бірінші ашылған Қожаберген жырау атындағы қазақ мектебінде директордың орынбасары болдым. 42-ші мектепте директор болдым. Қазір қалада 3 балабақша ашып, 300-ден астам баланы тәрбиелеудемін.»,-дейді «Баларман» ЖШС басшысы Балдырған Ілиясов.