Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері “Мас жүргізуші” жедел алдын алу іс-шарасын өткізді. 5 күн ішінде олар мас күйінде автокөлікті басқарудың 22 фактісін анықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Есіл ауданында рейд өткізу барысында тәртіп сақшылары боранды кеште бірден екі жолаушыны тасымалдаған мотоциклшіні байқайды. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері анықтағандай, ауылдың 30 жастағы тұрғыны әйелі мен оның туысын көлігіне мінгізіп алған. Медициналық куәландыру оның мас күйде екендігін көрсетті. Айта кетерлік жайт, ер адамның көлікті басқару құқығы болмаған.Ол 20 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
Облыс жолдарында ЖПІШ барысында полицейлер 1360 түрлі құқық бұзушылықты анықталды. Оның ішінде 63 жылдамдықты асыру фактісі және жаяу жүргіншілерге қозғалыс артықшылығын бермеуінің 34 фактісі анықталды.
«Ішімдік ішкеннен кейін рөлге отыратын адамдар — ықтимал қылмыскерлер. Өткен жылы мас жүргізушілердің кінәсінен 29 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 36 адам жарақат алды. Мұндай фактілердің алдын алу бойынша жұмыстар тұрақты негізде жүргізіледі», деді СҚО ПД ЖПҚ басқарма бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.
Тағы оқыңыз: Жатақханадағы жанжал барысында бір студент пышақ жарақатын алды