Биыл М. Жұмабаев ауданында жолдарды жөндеуге 3,6 млрд теңге жұмсалған. Десе де, аудандағы жолдардың әлі 22 пайызының сапасы сын көтермейді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте аудан әкімі Қайрат Омаров жолдардың 78 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деді. Биыл олар ауылдарға кіреберіс жолдарды жөндеуге баса назар аударып, бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлген. Нәтижесінде, Бәйтерек, Ганькино, Новотроицкое, Полтавка, Сарытомар ауылдары мен Булаев қаласының айналма жолы қалыпқа келтірілген.
«Кентішілік жолдарды жөндеуге 1,2 млрд теңге бөлінді. Жастар, Бәйтерек, Лебяжье, Қарағанды, Сулышоқ, Новотроицкое, Надежка, Ұзынкөл, Возвышенка, Қарақоға, Таман ауылдарында, Булаев қаласында орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ия, барлық елді мекендерге бір мезетте жол салу мүмкін емес, бірақ біз ауылдардағы кем дегенде бір негізгі көшені жөндеумен қамтуға тырыстық», — деді Қайрат Омаров.
Сонымен қатар биыл М. Жұмабаев ауданында «Булаево-Чистое» республикалық жол учаскесі жөнделген. Ол 12 шақырымды құрайды. Бұл жұмыстар 2024 жылы да жалғасып, «Қарақоға» өткізу пунктіне дейінгі жол дұрысталмақ.
«Облыстық жолдарда біз «Қарақоға-Надежка» және «Булаево-Советское» бағыттары бойынша шұңқырларды жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сондай-ақ аудандық маңызы бар «Булаево-Конюхово» бағытындағы жолда жөндеу жұмыстары аяқталды», — деп нақтылады спикер.
Ал «Возвышенка-Ұзынкөл» аралығында жол учаскесіндегі шаруа келер жылы аяқталмақ.
Тағы оқыңыз: СҚО-да мал терісінен протеин өндіретін зауыт ашылды