Есіл ауданында «Мағжан жыры — мәңгілік» деген атауымен облыстық байқау өтті. Сайыста ауылдың үздік мәдени мекемесі анықталды. Жеңіске жеткен ауылдық округке 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Аталмыш сайыс Есіл ауданында дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Биылғы байқау ұлы ақын М.Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына арналған. Қазан айында ауылдық округтер арасында көркемөнерпаздарды іріктеудің аудандық байқауы өткен. Онда 15 ауылдық округ қатысып, өз бағын сынаған.
«Үздік ауылдық мәдениет мекемесі» байқауының мақсаты — ұлттық мұраны дамытып, оны насихаттау. Шығармашылық ұжымдарды тану болып табылады. Аудандық кезеңге қазылар алқасының шешімімен үздік деп танылған тек 6 мәдениет мекемесі өтті. Олар ән айтып, би билеп кейбіреулері сахналық қойылым көрсетті», — деді Есіл ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жеңіс Кемелов.
Байқауға Покровка ауылдық округінің мәдениет үйі де қатысты. Елді мекендегі бұл мәдени мекеме жыл басында ашылған. Қазіргі уақытта өздерінің «Покровчанка»вокалды тобы бар. Бүгінгі сайыста «Живет село родное» әнін орындап, арнайы грамотамен марапатталды.
«Мұндай сайысқа бірінші рет қатысып тұрмыз. Барлығы әділ әрі өте жоғары деңгейде өтті. Біздің мәдениет үйінде қазір 9 адам жұмыс істейді. Ауылда түрлі іс-шаралар өткіземіз. Бүгінгі байқауға 6 адам қатысып, ән айттық. Бір ай көлемінде дайындалдық. Нәтиже жақсы»,- дейді Покровка ауылдық округі мәдениет үйінің директоры Гүлнар Баймағамбет.
Байқау қорытындысы бойынша үздік ауылдық мәдениет мекемесі атағын Бұлақ ауылдық округі жеңіп алды.
Тағы оқыңыз:Уәлихандық ардагерлерге құрмет көрсетілді