Босанғаннан кейін депрессияға түспеу үшін жүктілікке тиянақты дайындалу керек – психолог

Әйел адам босанғаннан кейін депрессияға түсіп кетпеуі үшін жүктілікке алдын ала тиянақты түрде дайындалу керек. Петропавлдық психолог Салтанат Тұрманова солтүстікқазақстандық нәзікжандыларға осындай кеңес береді. Маман декреттік кезеңде өз-өзін жоғалтып алмау үшін не істеу керектігін айтты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Қыз-келіншектердің құрсағына бала біткен кезде өмірлері түбегейлі өзгеретіні анық. Ағза жаңа деңгейге дайындала бастайды. Бұл кезде гормондық және физиологиялық өзгерістердің болатыны айтпаса да түсінікті. Енді босанғаннан кейінгі кезеңге келейік. Дәл осы уақыт көптеген қыз-келіншектер үшін оңайға соқпайды.

«Босанғаннан кейін депрессия әрбір әйелде болады. Әсіресе, мен сияқты алғаш рет ана атанған жандар біраз қиналып қалады. Бастапқы бір ай бойы ағза қалыпқа келіп, жаңа статусқа үйрене бастайды. Бұл кездері бала да көп ұйықтағасын, айтарлықтай қиын емес. Біраздан кейін баланың тісі шығып, мазасы кете бастайды. Дәл осы уақытта не істеріңді білмейсің, өзіңе де көңіл бөлу қажет. Үй шаруасы да бар. Бір сөзбен айтқанда, жақындарыңның қолдауы керек. Егер жолдасың қызметі бойынша күні бойы жұмыста болса, тіпті қиын», – дейді қала тұрғыны Гүлден Оразбаева.

Психолог Салтанат Тұрманованың айтуынша, мұндай проблемамен бетпе-бет келмеу үшін ең алдымен жүктілікке дайындалу керек. Бұл жайлы тереңірек оқып біліп, мамандармен кеңескен абзал. Яғни, 9 айдың қалай өтетінін, ағзада қандай өзгерістердің орын алатыны туралы жан-жақты зерттеп, зерделеу қажет. Одан кейін босану процесі қалай өтетінін, оған қалай дайындалу керектігін, босанғаннан кейін қалай күтіну қажеттігін де алдын ала білген дұрыс. Әртүрлі курстарға барғанның зияны жоқ.

«Екіқабат болған кезде барынша күтінген дұрыс. Бұл уақытта өзіңіз бен іштегі балаңыздың денсаулығын бірінші орынға қою керек. Айта кетерлік жайт, мұндай кезде басқа адамдардың ақыл-кеңесін, босану тарихын тыңдап, уайымға салынудың қажеті жоқ. Өйткені, әр адамның ағзасы әртүрлі. Яғни, бір оқиғаны естіп алып, байбалам салуға асықпаңыз. Одан да педиатр мамандардың өзімен тілдескен әлдеқайда пайдалы болады», – дейді Салтанат Тұрманова.

Маман бұл уақытта жақындарыңызбен көбірек сөйлесуге кеңес береді. Себебі, уайымды іште жасыру да денсаулыққа зиян екені мәлім. Оның үстіне анасының жүйкесі тозып, қиналып жүргенін сәби сезеді. Бұл оның да ағзасына әсер етуі мүмкін. «Бақытты ана – бақытты бала» демекші, осы ситуациядан шығу үшін психологтарға жүгінген жөн.

«Бұл – әйелдердің өміріндегі ең сезімтал әрі маңызды кезең. Осы уақытта олар жақындарының, әсіресе жолдасының қолдауына мұқтаж болады. Отбасының берекесі, нәрестенің денсаулығы – барлығы анасының жағдайына байланысты. Менің өзіме мұндай проблемамен жүгінетін тұрғындар бар. Алдымен әйелдерді тыңдап, түсінуге тырысамыз. Одан кейін бұл жағдайдың қалыпты, өткінші екенін айтамыз. Туған-туыстарымен тілдесіп, қолдау көрсетулерін сұраймыз», – дейді психолог.

Салтанат Тұрманова босанғаннан кейінгі депрессия тек әйелдерді ғана емес, ер адамдарды да мазалайтын жағдайлардың болатынын айтады. Отағасы жанұя мүшелерінің көбейіп, сәйкесінше мойынындағы жауапкершіліктің екі есеге артқанын сезінеді. Сондықтан табысты арттыру жолдарын іздеп, оның да уайымға салынатынын түсіндірді. Бұл кездегі ең дұрыс шешім – жағдайды қабылдап, ерлі-зайыптылар бір-бірінің ішкі жан дүниесіне құлақ аса білулері қажет. Бастысы – ашуға ерік бермеу керек.

Тағы оқыңыз: Жаз ыстық болады – синоптиктер 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x