Солтүстік Қазақстан облысында биылдыққа 99 жол-көлік апаты орын алды. Салдарынан 10 адам көз жұмған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«AMANAT» партиясының алаңында жолаушылар тасымалының қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Жиын СҚО ПД ЖПҚБ бастығы Айдын Байматовтың төрағалығымен өтті.
Тәртіп сақшыларының мәліметінше, биыл заңсыз тасымалдаушылардың кесірінен 2 жол-көлік апаты тіркелді. Табыс табамын деп жанталасып жүрген азаматтар ережені жиі бұзатын көрінеді. Мәселен, 20 жастағы Toyota Alphard жүргізушісі Қызылжар ауданының аумағындағы оқыс оқиғаға себепкер болған. Салдарынан, 5 адам ауыр жарақат алып, бір әйел көз жұмды.
«Жергілікті полиция қызметі басқармасы СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп заңсыз тасымалдаушыларды анықтау бойынша рейдтер жүргізуде. Жыл басынан бері кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысқаны үшін 21 әкімшілік хаттама жасалды. Жолаушыларды тасымалдау ережелерінің сақталуын бақылауды күшейту – полицияның маңызды міндеттерінің бірі», — деді Айдын Байматов.
Үстіміздегі жылы облыс аумағында 99 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам қаза тапты. 148 азамат жарақат алған.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда еңбек мобильділігі орталықтары ашылады