Биыл Тайынша ауданына оңтүстіктен 19 отбасы көшіп келді

Биыл Тайынша ауданына оңтүстік өңірлерден 19 отбасы көшіп келді. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмысқа орналастырып, жеке істерін бастаған. Алдағы уақытта тағы 18 жанұя қоныс аудармақшы, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Шынарай Ержанова өткен жылдың қыркүйек айында Тайыншаға Тараз қаласынан көшіп келген. Қоныс аударуға жолдасының жұмысы себеп болған. Ал, өзі 7 жыл бойы тігін тігумен айналысады. Солтүстікке келгеннен кейін сүйікті ісін дөңгелету мақсатында бизнес жоба дайындап, мемлекеттік грантқа ие болған. Нәтижесінде, армандаған тігін цехын ашты.

Биыл Тайынша ауданына оңтүстіктен 19 отбасы көшіп келді

«Қаражатқа тігінге қажетті заманауи құрал-жабдықтың барлығын сатып алдым. Содан бері 6 айдай уақыт өтті. Тұрақты клиеттерім де бар. Бізге үй берілді, жағдайымыз жақсы. Ауа райына да етіміз үйреніп кетті. Осы ретте жұмыспен қамту орталығының мамандарына алғысымды білдіргім келеді. Құжаттарымды тез қарап, мемлекеттік грантқа ие болу жолында көп көмектесті», — дейді тігінші.

«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, Шынарай Ержанованы бұл іске анасы баулыған. Сондықтан негізгі мамандығы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болса да, тігіншілікті тастамай, керісінше дамытуды қолға алған. Оның үстіне, Тайынша ауданында ісмерлер аз.

«Раяна бренд» атауымен өзімнің тауарларымды жарыққа шығарамын. Аудандағы үлкен апалар қазақи нақыштағы киімдерге қызығады. Сәйкесінше, сұраныс жоғары. Әсіресе, мереке күндері тапсырыстар көбейе түседі. Кейде тіпті орындап үлгере алмай жатамын. Қасыма көмекші алайын деп едім, бірақ ешкім құлық танытпады», — дейді нәзікжанды.

Жалпы, үстіміздегі жылы Тайынша ауданына 19 отбасы қоныс аударған. Бұл — 73 адам. Оның еңбекке жарамды 30-ы білім, ауыл, мал шаруашылығы салалары бойынша жұмысқа тұрды. Көшіп келгендердің ішінде жеке кәсіпкерлікті қолға алған азаматтар да бар. Жуық арада аудан тағы 18 жанұяны қабылдамақшы. Олар қазір құжаттарын тапсырып жатыр.

«Осы уақытқа дейін Тайынша ауданында 105 тұрғынға үй салынды. 50-ден астамы Тайыншаның өзінде. Баспаналардың ішінде өмір сүруге қажеттінің бәрі бар. Қоныстанушылар тұрып жатыр. Жалпы, 2016-дан бері бізге барлығы 353 жанұя көшіп келді. Бір мыңнан астамы жұмыспен қамтылды. 57 адам мемлекеттік грантқа ие болды, 15-сі несие алды», — дейді халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Ертай Сүлейменов.

Сонымен қатар, бұл жаққа қандастар да көшіп келіп жатыр. Биыл 2 отбасы қоныстанды, алдағы уақытта тағы екі жанұя келуі тиіс.

Тағы оқыңыз: Петропавлдағы дәмханалардың біріне ұры түсті

 

Поделиться:

Shares
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x