Жыл басталғалы Солтүстік Қазақстан облысында 64 жол-көлік апаты орын алды. Салдарынан, 108 тұрғын жарақат алып, 5 адам көз жұмды. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлер 24-28 мамыр аралығында ерекше рейд өткізді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жүргізушілердің жолда ұйықтап кетуінен жол апаттары жиі орын алады. Сол үшін тәртіп сақшылары медицина қызметкерлерімен бірігіп азаматтардың шаршаңқылығын тексерді. Яғни, олардың қан қысымы, жүрек қағысы өлшенді. Шара 24-28 мамыр аралығында өткізілген «Жол-көлік оқиғасын тоқтатайық» акциясы шеңберінде ұйымдастырылды. СҚО ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, «Mercedes» жүк көлігін тізгіндеп келе жатқан азаматтан ақау байқалған. Ол Қостанайдан Астанаға көкөніс тасымалдап бара жатыпты. 36-дағы ер адам бірнеше сағат үзіліссіз жолда болған. Петропавл қаласы арқылы бірінші рет өтіп бара жатқандықтан, тәртіп сақшылары жол көрсетіп, оны жақын маңдағы фуралар тоқтап тұратын тұраққа жеткізді.
«Рейдтік шараның бірінші күні 30-дан астам жүргізуші тексерілді. Тек ауыр жүк көліктерінің ғана емес, жолаушы тасымалдаушы және жеңіл көліктердің жүргізушілері де назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек, медицина қызметкерлері дәрі қобдишаларын тексерді. Жол қозғалысының барлық қатысушыларына еңбек пен демалыс режимін сақтауды еске саламыз. Шаршаған қалпы көлік тізгіндеуге болмайтынын ескертеміз», — деді СҚО ПД ЖПҚБ бастығы Айдын Байматов.
Полицейлердің дерегінше, биылдыққа облыста 64 жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан 5 адам көз жұмған. 108 адам дене жарақатын алды.
Тағы оқыңыз: Петропавлдың мұғалімі мобильді қосымша жасап шығарды