«Sana» дамыту орталығы

Қазіргі уақытта Петропавлда 5-тен 15 жасқа дейінгі балаларға мемлекеттік тілді үйрететін «Sana» дамыту орталығы жұмыс істеп тұр. Жетекшісі Клара Оразбекованың айтуынша, ұл-қыздардың тіл үйренуге деген құлшынысы айрықша. Ата-аналар балаларының әр курсты асыға күтетінін жасырмайды. Qazaqstan Media тілшісі Клара Мұқашқызымен сұхбаттасып, дамыту орталығының аяқ алысы туралы сұрады.

Клара Оразбекова оңтүстік өлкенің тумасы. Мамандығы бойынша – бастауыш сынып мұғалімі. Бірнеше жыл бойы Алматы, Астана қалаларында оқушыларға тәлім-тәрбие беріп келген. Кейіннен, яғни 2016 жылы жолдасының қызметіне байланысты Петропавлға қоныс аударыпты. Үлкен ұлына қазақ тілінде білім беретін оқу техникасын іздеген. Алайда, барған жерінің бәрінде алдынан орысша кітаппен оқытатын орталықтар шыққан.

«Біз таза қазақ тілді отбасымыз. Балам қазақ сыныбында оқып жүрген соң оның оқу қабілеттерін одан әрі оятатын орталыққа жібергім келді. Осы сәтте Петропавлда қазақстандық авторлық бағдарламамен білім беретін орталық ашу туралы ой келді. Кейін «Бастау Бизнестің» курстарынан өтіп, сертификат алдым. Тиісінше, 1 225 000 теңгенің грантына ие болдым. Осылайша, «Sana» дамыту орталығы пайда болды», – дейді Клара Мұқашқызы.

Орталықтың ерекшелігі – білім беретін оқулықтардың барлығы ана тілімізде, ұстаздардың тәжірибелеріне сүйеніп жазылуында. Яғни, кезінде нәзікжандының баласына іздеп таппаған техникасы енді «Sana» орталығында қолжетімді. Сонымен қатар, бұл жерде көркем жазу, актерлік шеберлік, ағылшын тілі курстары да үйретіледі.

«Мұнда 5 жастан 15 жасқа дейінгі шәкірттерді оқытамыз. Басым көпшілігі орыс тілінде сөйлейді. Ашылғаннан бері ұл-қыздардың деңгейі әжептәуір жақсарғаны көрініп тұр. Ата-аналары да мақтап жатыр. Балалардың сабақта қол көтеріп, жауап беріп, бағаларының да дұрысталғанын естіп жүрміз», – дейді жетекші.

Бүгіндері 20 бала тіл меңгеріп жүр. Мұғалімдер оларды қарсы алып, шығарып салғанға дейін таза қазақша сөйлеседі. Айта кетсек, еңбек ететін мамандардың саны төртеу.

«Оқушылардың тіл үйренуге деген құлшынысы көңіл қуантады. Түрлі байқауларға да қатысып жүр. Бір қызымыз Абай өлеңдерін оқудан бірінші орын алды. Мектеп ішінде пәндік олимпиадаларға қатысатындар да жетерлік», – деді «Sana» дамыту орталығының жетекшісі Клара Оразбекова.

Алдағы уақытта орталықтың ауқымын кеңейту жоспарланып отыр. Қаланың қай нүктесінде жалға берілетін нысан табылса, сол жақта жаңа ұйым ашылмақ.

Тағы оқыңыз: Облыста 4 мыңнан шетелдік автокөлік заңдастырылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x