Есіл ауданына қарасты Ақтас ауылының тұрғындары бірнеше жыл бойы жол машақатын көріп келеді. Салдарынан көліктері жиі сынып, дөңгелектерін жиі ауыстыруға мәжбүр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Ақтас ауылының тумасы Ғабит Біләлов 45 жыл жолаушы тасымалымен айналысады. Ол күнде «Ақтас — Светлое – Петропавл» бағыты бойынша қатынайды. Яғни, жолдың жағдайын бәрінен жақсы біледі. Айтуынша, шұрық-тесік жолмен жүру мүмкін емес. Көліктер жиі бұзылып, күнара жөндеуге мәжбүр. Бұл қымбатшылық қысқан заманда адам тасып, шай-пұлын айырып отырған жүргізушілердің қалтасын қағатыныны жасырын емес.
«Жолдарға қиыршық тас төсеп тастайды. Тастар дөңгелектерге кіріп, тіліп жібереді. 1 дөңгелектің өзі қазір қанша тұратынын барлығыңыз білесіздер. Көлігім 6 дөңгелекті, олардың түгелін жылына 2 рет ауыстырып отырамын. Жарылған жағдайда қайта жамап, ретке келтіреміз. Бұл да уақытты алады. Ашығын айтқанда, машиналар қирайды. Жаңбыр жауса, саз болып мүлде жүре алмаймыз», — дейді Ғабит Қабдөшұлы.
Азамат жастар үшін алаңдайды. Кейінгі ұрпақтың сапалы жолмен жүргенін қалайды.
«Үнемі саз, нашар жолды көріп келеміз. Жарқыраған асфальтты көреміз бе, жоқ па – белгісіз. Бірақ, мына түрмен оған жете алмаймыз-ау. Материалдың бәрі өзімізде бар. Ақтастан 4 шақырым жерде Қарағай ауылы бар. Онда асфальт зауыты, көрші елді мекендерде қиыршық тас пен құм да жеткілікті. Басқа жақтан әкеліп керек емес. Бірақ жол жоқ», — деп налиды жерлесіміз.
Ақтастағы жол мәселесі бірінші рет көтеріліп отырған жоқ. Ғабит Біләлов бұл проблеманы жыл сайын айтып, тиісті органдарға жүгінеді. Дегенмен бұдан түк шықпай отыр.
«21-ші наурыз күні ауыл және аудан әкімдері бірлесіп Қарағайдан Ақтасқа дейін 4-5 шақырым жер жөнделеді деп айтқан. Ол шаруа әлі басталған жоқ. Мүмкін егіс науқанына байланысты тоқтатып, одан кейін салып беретін шығар деген үміттеміз», — дейді Ақтас ауылының тұрғыны Ермек Жәукенов.
Кезінде дүркіреп тұрған ауылда қазір небәрі — 43 үй қалған. Себебі түсінікті де. Жол мен жұмыстың жоқтығынан тұрғындар жан-жаққа көшіп кеткен.
Тағы оқыңыз: Елімізде конструктор-автокөліктерді заңдастыруға рұқсат етілді