Аққайың ауданында өткен жылы 18 мың гектар жер жеткіліксіз болған. Бұл мәселені шешу үшін жергілікті билік өкілдері ауыл шаруашылық тауарын өндірушілермен меморандумға қол қойған. Мұнымен қоса, тиісті мақсатта қолданбаған шаруа қожалықтарынан жер учаскелері кері қайтарылып алынды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қанат Құрманғалеев Аралағаш ауылының тұрғыны. Ер адам мал шаруашылығымен айналысады. Қазіргі таңда үйдегі қорасында 20 бас ірі қарамен 20 ешкі бар. Сиырдан күніне 10 литрге жуық сүт алады. Үстелінен қаймақ, май, ірімшік үзілмейді. Ал сауылатын ешкінің сүтімен бала-шағасын азықтандырады. Ауыл тұрғыны малдың барлығын жайылымға өріске шығарады. Бұған дейін жайылым жерлермен проблема болған дейді Қанат. Дегенмен, қазіргі таңда бұл мәселе өз шешімін тапқан.
“Жалпы, біз үйдегі сиырды ауылдың малымен қосып жайылымға шығарамыз. Бұған дейін жайылым жер аз болған еді. Бірақ биыл бұл проблема шешілді. Қазіргі таңда аудандық әкімдік ЖШС-мен меморандум жасасып біздің малымыз сол серіктестіктер бөлген жер учаскелерінде бағылады. Қазір жаз келе жатыр. Негізгі күнкөрісіміз осы мал ғой. Оларға шөбі шүйгін, суы мол болса болды”, — дейді Аралағаш ауылының тұрғыны Қанат Құрманғалеев.
Бұған дейін Аққайың ауданы бойынша 18 мың гектарға жуық жайылым жер жетпеген. Соның 2 мыңға жуығы Аралағаш ауылының тұрғындарына. Қазіргі таңда мұндай проблема жоқ дейді аудандық әкімдік мамандары. Ол үшін жергілікті билік өкілдері ауданда егін және мал шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкерлермен меморандум жасаған. Осылайша «Зенченко и К», «Дайындық-Агро» ЖШС-і, «Баянды СК» сынды ірі ауыл шаруашылық тауарын өндірушілер 9 мың гектарға жуық жайылым жер бөлді.
“Биыл бұл бағытта жұмыс жалғаспақ. Яғни, малы мен жері бар кәсіпкерлермен әңгімелесеміз. Кімде кім жер учаскелерін тиісті түрде пайдаланбаса ол жерлер кері қайтарылып алынады. Осы жылдың 1-ші тоқсанында біз 9 мың гектарға жуық жерді алуымыз керек. Соның 2 мың гектары әкімдік қорына енді. Бұдан бөлек сот арқылы 1800 гектарға жуық жер халыққа қайтарылды. Басты мақсатымыз халықты жайылым жерлермен қамтамасыз ету”, — дейді Аққайың аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Ермек Сапаяқов.
Жалпы стандарттарға сәйкес 1 жылқыға 8 га, 1 сиырға 5,2 га, қой-ешкіге 1 гектар жайылым жер қажет.
Тағы оқыңыз: «Бұл мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін»: Қырнаушы өз жұмысының қыр-сырымен бөлісті