1 шілдеден бастап елімізде Әлеуметтік Кодекс қолданысқа енгізілді. Осыған байланысты 10 заңның күші жойылды. Орын алған өзгерістер жайлы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Комитетінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Гүлбақыт Манабаева баяндады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Әлеуметтік Кодекс 5 бөлім, 22 тараудан тұрады. Құжат адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды. Мәселен, сәби дүниеге келген уақыттан бастап жасы ұлғайғанға дейінгі қолдаулардың бәрі бір негізде жүзеге асырылмақ.
«Құжат 5 негізгі новелладан тұрады. Әлеуметтік Кодексте, біріншіден, мемлекеттік қолдау моделін түбегейлі өзгерту көзделеді. Яғни, мемлекеттік қолдау сын-қатерлердің салдарын жою үшін емес, оның алдын алу үшін жұмыс істейтін болады. Мысалы, есту қабілеті кемшін балаға керек есту аппаратын, толық естімейтін дәрежеге жеткеннен кейін емес, оны баланың бар есту қабілетін сақтап қалу үшін бастапқы уақытта беру керек», — деді Гүлбақыт Манабаева.
Әлеуметтік Кодекстің қолданысқа енгізілуімен бірқатар өзгерістер орын алмақ. Жекелей тоқталсақ, алдағы 5 жылда базалық зейнетақы кезең-кезеңмен ұлғайтылады деп жоспарланып отыр. Жұмыспен қамту саласы бойынша цифрлық жұмыспен қамту орталықтары пайда болуы мүмкін. Сонымен қатар, үкіметтік емес ұйымдарды, жеке секторды және олардың отбасы мүшелерін тарту арқылы мүгедек азаматтар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру көзделген.
«Мысалы, мүгедек адамдарға қызмет көрсетуге олардың отбасы мүшелері барынша тартылатын болады. Бұл ретте олар жеке көмекшілер ретінде рәсімделетін болады. Еңбектерінің ақысы беріледі, осы кірістерден зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар жүзеге асырылады. Кодексте көзделген кейбір әлеуметтік қолдау шаралары жыл басынан бері көрсетіле бастады. Қалған бөлігі 1 шілдеден басталды», — деді маман.
Құжат аясында мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшері де артты.
Тағы оқыңыз: «Севказэнергосбыт» ЖШС жылу энергиясын негізгіз көтерген