Мәжілістің жалпы отырысында әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заңдар екінші оқылымда қабылданды. Заң жобалары Мемлекет басшысының зорлық-зомбылықтың кез келген түріне жазаны қатаңдату туралы тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Заңдарда мына нормалар қарастырылған:
Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені және ұрып-соққаны үшін қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстау тәртібін реттеуге;
Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген белгілері бар адамдарға уақытша тұруға мүмкіндік бере отырып, оларға қолдау көрсету бөлігінде Отбасын қолдау орталықтарының құзыреттерін нақтылауға;
Қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіріп жіберуге тыйым салынатын балалардың (16 жасқа толмағандарға қатысты) жасын анықтауға;
16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта қорлап тиіскені үшін қылмыстық жауаптылықты күшейтуге;
Сотталған немесе татуласуға байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылған адамдарға сот белгілеген ерекше талаптарды қолдану шараларын нақтылауға бағытталған бірқатар түзету де енгізілді.
Сондай-ақ, «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 82 депутат жақтады. 3 депутат қарсы болды, 5 депутат қалыс қалды.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын 82 депутат жақтады, 1 депутат дауыс бермеді, 2 депутат қарсы болды, 6 депутат қалыс қалды.
Бұл заң жобалары екінші оқылымда қабылданып, Сенатқа жіберілді.
Тағы оқыңыз: Петропавл тұрғыны өңір басшысынан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлерін жазалауды сұрады