ҰОС-да қаза тапқан жауынгерлердің рухына құран бағышталды

Бүгін Петропавлдағы «Қызылжар» облыстық орталық мешітінде ҰОС-да қаза тапқан және хабарсыз кеткен майдангерлердің рухтарына құран бағышталды. Діни рәсім бүкіл ел бойынша мешіттер мен шіркеулерде ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Осыдан 82 жыл бұрын Кеңес Үкіметіне фашистік Германия әскері тұтқиылдан шабуыл жасап, Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Бұрын-соңды қару ұстап көрмеген жап-жас қыз-жігіттер майданға аттанды. Қаншамасы ерлікпен қаза тауып, бірталайы хабар-ошарсыз жоғалып кетті. Бүгін батыр бабалардың рухына барша Қазақстан бойынша құран бағышталды. Діни рәсімнен Петропавл қаласы да шет қалмады.

«Осыдан 82 жыл бұрын 22 маусымда ҰОС басталды. Бұл ел тарихындағы қаралы күндердің бірі болып саналады. Майданға менің атам да қатысты. Ол туған жерге аман-есен оралып, қартайған шағында көз жұмды. Атамның 2 немере інісі де соғысқа қатысқан болатын. Жолболды Шакенов деген атамыз 1944 жылы жоғалып кетті. Қазіргі күнге дейін еш хабар жоқ. Әлі де іздеп жатырмыз», – дейді облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Бейбіт Әбілев.

Хабарсыз кеткен жерлесімізді жақындары «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі арқылы іздестіріп жатыр. Бейбіт Әбілевтың сөзіне қарағанда, атасының немере інісі жайлы дерек «Боздақтар» кітабында жарияланған. Ол 1939 жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін Қызыл армия қатарына шақырылған екен.

«Атамның немере інісі әскерге кеткен жылы жақындарына жиі хабарласып, хат жазып тұрған. Одан кейін байланыс үзілген. Қазір ол кісіні білетін жандар да жоқ. Қорғаныс Министрлігіне, Ресейдегі архивтерге хат жолдап тұрамыз. Бірақ әзірге, еш  нәтиже жоқ. Егер жерленген жері табылатын болса, топырағын алып, құран оқыту – біздің борышымыз», – дейді қала тұрғыны.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық сарбаздардың жерленген жерлерін іздестіретін еліміздегі жалғыз ұйым. Ол осыдан 4 жыл бұрын құрылған. Осы уақыт ішінде мұндағылар 2 мыңнан астам жауынгердің жеке басын анықтап, жерленген орындарын тапқан. Жалпы, ұйымға ата-бабаларын іздеген 7 мыңнан астам қазақстандық жүгінген.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда «Электрондық самокат» ұғымы енгізіледі

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x