Қиындыққа қарамай, таңдаған салаңды дөңгелетіп әкету керек – Зарыққан Абишев

Береке – тұрақтылықта. Бұл – тайыншалық Зарыққан Абишевтың өмірлік ұстанымы. 62 жастағы жерлесіміз 40 жылға жуық уақыт бойы бір кәсіпорында тапжылмай, талмай, ел игілігі үшін еңбек етіп келеді. Қазір ол Аймақ ауылындағы «Memolux» ЖШС-да бас инженер қызметін атқаруда, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Зарыққан Абишев Тайынша ауданы Аққұдық ауылында дүниеге келген. Мамандығы бойынша – механик. Оқу орнын аяқтағаннан кейін азамат 10 жылдай түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеген. Одан соң 1996 жылы Аймақ ауылындағы «Memolux» серіктестігінің құрамын толықтырды. Солтүстікқазақстандықтың жалпы еңбек өтілі – 40 жыл.

«Мен кәсіпорындағы барлық техникалық бөлім, электр қуаты бойынша жауап беремін. Құрметті еңбек демалысына шығуыма аз уақыт қалды. Дегенмен, денсаулығым жарап, серіктестік басшылығы қолдаса, зейнетке шыққаннан кейін де осында жұмыс істей беретін шығармын. Бірталай жыл бойы білген-түйгенімді жастарға үйреткім келеді», – дейді бас инженер.

Жастар демекші, азаматтың әлі күнге дейін өз орнын таба алмай жүрген қыз-жігіттерге айтары бар. Сөзінше, кез келген саланың өз қиындығы бар. Алайда, оған қатты мән бермей, керісінше алға ұмтылу керек.

«Жуырда серіктестікке жас практикант келіп кетті. Ол дәнекерлеуші мамандығына оқып жатыр. Өзі біздің ауылдың жігіті. Оқу оқып бітіргесін, бізге жұмысқа орналасады деген үміттеміз. Өйткені, кадр тапшылығы мәселесі өткір тұр. Ұжымға электрик, дәнекерлеуші және астықты кептіріп, өңдеумен айналысатын мамандар керек», – дейді Зарыққан ағамыз.

«Memolux» ЖШС-да барлығы 37 адам еңбек етіп жүр. Олардың орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Айта кетсек, аталған кәсіпорын астықты қабылдап, өңдеумен, кептіріп, сақтаумен және жөнелтумен айналысады. Мұнда сыйымдылығы 25 мың тонна болатын 8 астық сақтау қоймасы бар. Соңғы жылдары кәсіпорынға жаңа инвестор қосылған. Нәтижесінде, шаруа алға басып, өнімділік 300 млн теңгеге жеткен.

«Қондырғылардың барлығының тозығы жеткен еді. Сондықтан, 2 кептіргішке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Серіктестікке жаңа итальяндық жабдық орнатылды. Мұның барлығы ісімізді жеңілдетіп, мол өнім жинауға септескені сөзсіз», – дейді Зарыққан Абишев.

Өнімділік артқасын «Memolux» серіктестігі де ауқымын кеңейтіп жатыр. Қазір жаңадан 10 астық сақтау қоймасы салынуда. Әрқайсысының сыйымдылығы – 5 мың тоннадан. Тағы қуаты күніне 240 мың тоннаға жететін диірмен салу жоспарда бар. Тауарды сақтайтын үлкен қойма да бой көтермек. Мұның нәтижесінде, тағы 80 адам жұмыспен қамтылатын болады.

Тағы оқыңыз: Қазақстанда қандай мамандықтар сұранысқа ие?

 

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x