Петропавлда алғаш рет білім беру ұйымдарының арасында ХХI ғасыр дертіне айналған лудоманияның алдын алуға арналған облыстық семинар өтті. Ауқымды іс-шараға 300-ге жуық педагог және қоғам қайраткері, жазушы Жан Ақжановта қатысып, оның зияны мен салдары туралы айтып берді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Шетелдік ғылыми зерттеулерге сәйкес, орта есеппен әлем халқының 12,5% -ы құмар ойынға салынған. Ал елімізде 350 мыңнан астам адам осындай ойындарға тәуелді. Бүгінде лудоманияға бейімділік мектеп қабырғасынан бастау алып жатыр. Сондықтан мемлекет басшысы құмар ойындарды шектеуге қатысты міндет қойды. Семинарға қатысқан Жан Ақжанов лудоманиямен күресу үшін профилактикалық түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет дейді. Және құмар ойындарға тәуелділікті басқа хоббимен алмастыру керек екенін айтты.
«Мен лудоминияға қарсы, суицид туралы да кітап жазғанмын. Осыны терең зерттедім. Лудомания – қоғамды жайлаған қауіпті індет. Бұл аурудың алдын-алу үшін мектеп жасындағы балалардан бастап тәрбие беруді қолға алу керек. Лудоманияға қарсы тұру үшін ата-аналар мен ұстаздар арасында жүйелі түрде профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Жалпы қазіргі уақытта ойын бизнесі өзінің схемасын құрып алған. Және көптеген адамдар оған тәуелді болып, оңай ақшаға қызығатын болды», — деді Жан Ақжанов.