Мамырдың үші күні Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасына құрылыс алаңында жарақат алған ер адам жеткізілді. Ол биіктіктен құлап, түрлі дене жарақатын алған. Дәрігерлер оны бірден жансақтау бөліміне жатқызды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқыс оқиға түнгі 11-лер шамасында Промышленный көшесі 4 мекенжайында орналасқан құрылыс нысандарының бірінде болған. 37 жастағы жұмысшы төртінші қабаттан үшінші қабатқа құлаған.
«Зардап шеккен жігіт TAV CONSTRUCTION ЖШС-де қара жұмысшы болып еңбек еткен. Қазіргі уақытта жазатайым оқиғаға қатысты арнайы тергеу жүргізілуде», — деп жауап берді облыстық еңбек инспекциясындағылар.
Кейін жарақат алған ер адамның Өзбекстан азаматы екендігі белгілі болды. Оның сол жақтағы бірнеше қабырғасы сынған, көкбауыры жыртылып кеткен. Сол жақ қолының шынтақтан жоғары жағы, бас сүйегі сынған.
«Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Ота жасалды. Қазіргі таңда оның денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ. Жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды», — деді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Тағы оқыңыз: СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлер көмекке мұқтаж