Петропавлдағы Жұмысшы кенті мен Бірлік шағын аудандарында жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл 20-дан астам көшеге асфальт төселуде. Бұл туралы Qazaqstan Media хабарлайды.
Биыл Бірлік шағын ауданында орташа жөндеу 15 көше мен жол учаскесін қамтыды. Оның 10-ында асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Шағын ауданның сол жағындағы Ақжайлау, Аламан, Атамекен, Ботай, Көкжар және Ақжайық көшелерінде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Алғаш аталған көшеге асфальт төселген. Қалған учаскелерде жол негізін дайындау жұмыстары атқарылуда.
Ал шағын ауданның оң жақ бөлігінде орналасқан Келешек, Медеу, Ортақ, Жайлы, Шапағат, Шаттық, Қазына, Алатау көшелері мен Қизатов көшесіне шығатын жолдың соңғы бөлігі асфальтталған. Жоба келесі жылы толық аяқталады. Оның аясында қалған көшелерге жол жабыны төселеді.
Жұмысшы кентінде биыл 13 көшені орташа жөндеуге арналған жобалар әзірленді. Қаржы бөлінген жеті көшеде мердігерлер жұмысқа кіріскен. Қалған учаскелерді маңызды іс келесі жылға жоспарланып отыр. Жоба аясында күре жолдарға асфальт төселіп, жаңбыр суын ағызатын науа үлгісіндегі кәріз жүйесі орнатылады.
Қазіргі уақытта Щорс көшесі мен Пугачев даңғылына асфальт төселіп, су ағатын жүйе жасалды. Красин көшесінің Украинская көшесінен Панфилов көшесіне дейінгі бөлігі асфальтталған. Мұнда кәріз жүйесін орнату жұмыстары жалғасып жатыр.
Матвеев көшесінің Украинская көшесінен Пугачев даңғылына дейінгі аралығында да су ағатын жүйе салынып жатыр. Тепловозная көшесінде осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ал Добролюбов көшесінде жол төсеміне инертті материал төселуде.
«Жөндеу жұмыстары бөлінген қаржы мен учаскелердің басымдықтарына қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі», — деп хабарлады Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Нұрбек Жәрдемовтің жеке көрмесі өтті

