Қазақстанда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Мемлекет басшысы бұл туралы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді. Бұл бастаманың маңыздылығы туралы қоғам белсендісі Абай Әлжанов өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қымбатшылық пен күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар бағасының өсуі халықтың сатып алу қабілетіне тікелей әсер етеді. Әсіресе табысы төмен отбасылар үшін азық-түлік, коммуналдық қызметтер мен басқа да қажетті шығындарды өтеу оңай емес. Сондықтан ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру мәселесі әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып отыр.
Мемлекет басшысы Үкіметке 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 110 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Бұл қазіргі көрсеткіштен 25 мың теңгеге жоғары.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, аталған өзгеріс еліміздегі 1,8 миллионға жуық азаматтың табысын арттыруға ықпал етуі тиіс.
«2027 жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл – жақсы бастама. Себебі инфляция жыл сайын жоғарылап барады. Соның салдарынан күнделікті тұтынатын азық-түлік пен басқа да қажетті тауарлар қымбаттап жатыр. Сондықтан халықтың табысы да осы өзгерістерге сай болуы керек», – дейді Абай Әлжанов.
Үкіметтің мәліметінше, ең төменгі жалақыны арттыруға байланысты азаматтардың еңбекақысын көтеруге 426 миллиард теңге бағыттау жоспарланған.
Тағы оқыңыз: Петропавлда полицейлер мас мотоциклшіні дронмен іздеп, квадроциклмен қуған

