Қазақстанда «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына бір миллион 400 мыңнап астам адам қатысып жатыр. Солтүстік Қазақстан облысынан 20 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Өңір қатысушыларының 14 мыңнан астамы оқыған кітаптары туралы пікір қалдырған. Бұл – жалпы қатысушылардың шамамен 75 пайызы. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады, деп жазады Qazaqstan Media.

Марафон Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығын орындау мақсатында ұйымдастырылған. Жобаға мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, еңбек ұжымдары мен мемлекеттік қызметшілер, сондай-ақ шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысып жатыр. Тіркелген жандардың саны бір жарым миллионға жуықтайды.

Қатысушылар оқыған шығармалары туралы пікірлерін арнайы цифрлық платформада жариялайды. Бұл көрсеткіш бойынша Ақтөбе облысы 25 557 пікірмен көш бастап тұр. Солтүстік Қазақстан облысында 14 249 адам өз ойын білдірген. Бұл ел бойынша екінші көрсеткіш.

Сонымен қатар әлеуметтік желілерде оқылған кітаптар туралы 20 мыңнан астам бейнепікір жарияланған. Марафон аясында өңірлерде кітап оқуға қызығушылықты арттыруға бағытталған түрлі бастамалар қолға алынбақ. Олардың қатарында жазушылармен кездесулер, зияткерлік ойындар, кітаптар туралы қысқа бейнероликтер мен «Kitap Talks» медиажобасы бар.

«Ұйымдастырушылар кітап оқу мәдениетін ауылдар мен шалғай елді мекендерде де кеңінен насихаттауды көздеп отыр. Бұл үшін кітапханалар, жоғары оқу орындары мен қоғамдық кеңістіктердің мүмкіндіктері пайдаланылмақ. Марафонның негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, оқырман белсенділігін арттыру және әдебиетке деген қызығушылықты кеңінен насихаттау», — деп хабарлады ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Тағы оқыңыз: Ойыннан от шықты: өрт салдарынан гараж бен үйдің шатыры жанды

Поделиться:

Shares