Қазақстанда алдағы қыс жылы болады деген болжам жасалып отыр. Бірақ, Солтүстік Қазақстан облысында қар әдеттегіден көп жауып, күн күрт суытуы ықтимал.  Әсіресе қараша мен желтоқсан жауын-шашынды болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

«Қазгидромет» мамандары 2026-2027 жылдардың қыс мезгіліне арналған ұзақ мерзімді ауа райы болжамын жариялады. Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігінде қыс климаттық нормадан жылырақ өтеді. Алайда бұл қар аз жауып, аяз болмайды деген сөз емес.

Мамандар қыстың басты ерекшелігі ауа температурасының жиі құбылуы болатынын ескертеді. Күн бірде жылып, артынша қайта суытуы мүмкін. Мұндай өзгерістер көктайғақтың пайда болуына және қар бетінде мұз қабатының қалыптасуына жағдай жасайды.

Қарашаның басында солтүстік өңірлерде күн әдеттегіден жылы болады. Синоптиктердің болжамынша, айдың алғашқы күндері солтүстікте түнгі ауа температурасы 0…+5 градусқа, күндіз +5…+16 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.

Алайда айдың екінші жартысында ауа райы күрт өзгереді. Қарашаның екінші және үшінші онкүндіктерінде жылы және суық күндер алмасып отырады. Кей күндері солтүстік өңірлерде түнгі температура -10…-18 градусқа дейін төмендеуі ықтимал. Жаңбыр аралас қар жаууы мүмкін. Кейін қар басым болады. Сонымен қатар боран, екпінді жел, тұман және көктайғақ күтіледі.

Қыстың алғашқы айында Қазақстанның барлық өңірінде орташа ауа температурасы климаттық нормадан екі градусқа жоғары болады деп болжанып отыр.Бірақ,   қыс жылырақ болғанымен, қар аз болады деген сөз емес. Синоптиктер желтоқсанда солтүстік өңірлерде қардың әдеттегіден көп түсуі мүмкін екенін ескертеді.

Синоптиктер бұл ұзақ мерзімді, алдын ала жасалған болжам екенін ескертеді. Сондықтан нақты ауа райы жағдайы алдағы айларда өзгеруі мүмкін.

Тағы оқыңыз: СҚО-да жеңіл көліктердің жартысынан көбі 20 жылдан асқан

Поделиться:

Shares