Петропавл қаласындағы үстел теннисі орталығында Республика күніне орай қаланың ашық чемпионаты өтуде. 15–18 қазан аралығына жоспарланған жарысқа 100-ден астам спортшы қатысып жатыр. Олардың қатарында Солтүстік Қазақстан облысының аудандары мен өңір орталығының, көршілес облыстардың және Ресейдің Омбы қаласының өкілдері бар, деп жазады Qazaqstan Media.

Чемпионатқа барлығы 10 команда қатысуда. Спортшылар мектеп оқушылары, 18–39, 40–59 жас аралықтары және 60 жастан асқан қатысушылар санаттары бойынша бақ сынайды. Жарыс бағдарламасында жекелей, командалық және жұптық ойындар қарастырылған. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен және медальдармен марапатталады.

Жарысқа қатысушылардың ең үлкені — 77 жаста. Сәлім Сахатов ақсақал үстел теннисімен 2008 жылы ауылдан Петропавлға көшіп келгеннен бері айналысып келеді. Зейнеткер спортшы қалада ұйымдастырылатын жарыстардан қалмауға тырысады.

«2008 жылы ауылдан көшіп келгеннен бері осы спортпен шұғылданамын. Немерелерімді, шөберелерімді де ертіп келемін. Олармен бірге ойнаймын. Осында өткізілетін жарыстарға қатысуға тырысамын. Бүгін бірінші орынға таласып көремін. 70 жастан асқандар арасында әзірге алдыңғы қатардамын», — дейді Сәлім Сахатов.

Ал Көкшетаудан келген Злата Нарыжная бұл чемпионатта өз қаласының намысын қорғап жүр. Жас спортшының айтуынша, оның үстел теннисіне келуіне атасы себеп болған. Отбасындағы спортқа деген қызығушылық Златаның да осы бағытта тұрақты жаттығуына ықпал еткен.

Петропавлда үстел теннисінен ашық чемпионат өтуде
Петропавлда үстел теннисінен ашық чемпионат өтуде

«Төрт жыл бұрын мені спортқа атам әкелді. Содан бері қол үзген жоқпын, өзіме ұнайды. Атамның өзі де үстел теннисімен айналысады. Жарыстың алғашқы күні жекелей сында төртінші орын алдым. Бүгінгі күнімді жеңіспен бастадым», — дейді көкшетаулық спортшы.

Чемпионаттың негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, өңірде үстел теннисін дамыту және республикалық жарыстарға қатысатын үздік спортшыларды анықтау. Жарыс қатысушыларға өз шеберлігін шыңдап қана қоймай, тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді.

Петропавлда үстел теннисінен ашық чемпионат өтуде
Петропавлда үстел теннисінен ашық чемпионат өтуде

Тағы оқыңыз: Қазақ тілін цифрлық дәуірге бейімдеу: Петропавлда республикалық семинар өтті

Поделиться:

Shares