Солтүстік Қазақстан облыстық Тілдерді оқыту орталығына биыл 10 жыл толды. Осы уақыт аралығында мекеме 20 мыңнан астам адамға қазақ және ағылшын тілдерін үйреткен. Мерейтойға орай ұйымдастырылған шараға еліміздің он облысынан келген мамандар қатысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Орталық 10 жыл бұрын небәрі бес қызметкермен жұмысын бастаған. Алғашқы жылдардан-ақ мемлекеттік тілді меңгертуге басымдық беріліп, кейін ағылшын тілін оқыту да қолға алынды. Бүгінде ұйымда тіл үйренген азаматтардың бірқатары мемлекеттік қызметте және өзге де салаларда еңбек етіп жүр.
Былтыр орталықта 700 адам білім алса, биыл бұл көрсеткіш 1500-ге жеткен. Қазір мекемеде 23 қызметкер жұмыс істейді, оның 15-і — оқытушы. Мамандардың басым бөлігі қазақ тілін үйретеді.
Мерейтойлық жиын барысында орталықтың 10 жылдық жұмысы қорытындыланып, алдағы жоспарлар талқыланды. Ұжым болашақта тіл үйрету жұмысын кеңейтіп, облыстық және аудандық орталықтарда филиалдар ашуды көздеп отыр. Айта кету керек, салтанатты шарада алты адам түрлі деңгейдегі марапатқа ие болды.
«Солтүстік Қазақстан облыстық Тілдерді оқыту орталығы — өңірдегі тілдерді оқытатын жалғыз мемлекеттік мекеме. Он жыл ішінде орталық тіл үйретумен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де үлес қосып келеді. Жүйелі жұмыс әрі қарай да жалғасын табады», — деді орталық басшысы Жарқын Жұпархан.
Тағы оқыңыз: ҰБТ кезінде талапкерлер сыни ойлау, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллектіні қолдану бойынша да сынақ тапсырады

