Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматын өзгерту жоспарланып отыр. Болашақта талапкерлер тек мектеп пәндерінен ғана емес, сыни ойлау, цифрлық сауаттылық және жасанды интеллектіні қолдану бойынша да сынақ тапсыруы мүмкін. Жаңа жүйені 2027 жылдың көктемінде сынақтан өткізу көзделген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі Qaz365.kz сайтына сілтеме жасап.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжанов 15 қазанда Qazaq AI Research University университетінде өткен форумда жаңа жобаны таныстырды. Ол Admission Insight Test (AIT) деп аталады. Жаңа тестілеу жүйесі халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп әзірленіп жатыр. Жұмыс биыл ақпан айында басталған және 2030 жылға дейін жалғасады.
Жаңа ҰБТ қандай болады?
Жоба бойынша тестілеу екі негізгі бөлімнен тұрады. Біріншісі мектеп пәндері бойынша білімді бағалауға арналған. Бұл бөлімге 14 бейіндік пән енгізіледі. Тапсырмалар мемлекеттік білім беру стандарттарына сай жаңартылады.
Мұнда оқушының ережелер мен деректерді жаттап алуы ғана емес, тақырыпты қаншалықты түсінгені және алған білімін қолдана білуі маңызды болады.
Ал екінші бөлім талапкерлердің қабілеттерін анықтауға бағытталады. Онда сыни ойлау, өз ойын сауатты жеткізу, зерттеу жүргізу, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні пайдалану дағдылары тексеріледі. Сонымен қатар шығармашылық және дизайн-ойлау қабілеттерін бағалау жоспарланған. Бұл бағыттағы кейбір тапсырмалар әлі әзірленіп жатыр.
Ұлттық тестілеу орталығы мектеп пәндері бойынша емтихандар сақталатынын атап өтті. Яғни жаңа тапсырмалар дәстүрлі тесттердің орнына енгізілмейді, тек оларды толықтырады.
Нұрсейіт Байжановтың айтуынша, қазіргі білімді бағалау жүйесі оқушының ақпаратты есте сақтауын ғана емес, оны талдау, дұрыс шешім қабылдау және іс жүзінде қолдану қабілетін де ескеруі керек.
Өзгерістер қашан күшіне енеді?
Жаңа форматтағы тестілеуді алғаш рет 2027 жылдың көктемінде сынақтан өткізу жоспарланған. Алайда бұл барлық талапкер келесі жылдан бастап жаңа ережемен ҰБТ тапсырады деген сөз емес. Қазір емтиханның нақты құрылымы бекітілмеген. Ол зерттеу нәтижелері мен еліміздің білім беру саясатына байланысты әлі де өзгеруі мүмкін.
Сондықтан әзірге ҰБТ тапсыру тәртібі бұрынғы күйінде қалады. Ал жаңа жүйе толық дайындалып, сынақтан өткеннен кейін ғана оны енгізу мәселесі қаралады.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда соңғы жеті жылда 1 226 өндіріс орны іске қосылды

