Қазақстанда 2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы әзірленді. Құжатта келесі жылға арналған ең төменгі жалақы, зейнетақы, айлық есептік көрсеткіш пен күнкөріс минимумы белгіленген. Айта кету керек, ең төменгі айлық өзгеріссіз қалып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Заң жобасына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мың теңге көлемінде белгілеу ұсынылып отыр. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 38 622 теңге, ал ең төменгі зейнетақы 74 919 теңге болады деп жоспарланған.
Айлық есептік көрсеткішті 4693 теңгеге, күнкөріс минимумын 55 173 теңгеге дейін белгілеу көзделген.
Сонымен қатар жасына байланысты және еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы мөлшерін 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 8,5 пайызға арттыру қарастырылған.
Жоба бойынша 2027 жылғы республикалық бюджет кірісі 25,44 трлн теңге болады деп жоспарланып отыр. Бюджет тапшылығы шамамен 4,56 трлн теңге, яғни жалпы ішкі өнімнің 2,3 пайызын құрауы мүмкін.
Бұл көрсеткіштер әзірге заң жобасында ғана көрсетілген. Құжат қоғамдық талқылау кезеңінде. Заң қабылданған жағдайда 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Тағы оқыңыз: СҚО-да биыл 4 мыңға жуық жасөспірім әкімшілік жауапкершілікке тартылған

