Солтүстік Қазақстан облысында биыл рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастырудың 41 орны анықталып, олардың барлығы жойылды. Бұл туралы брифингте облыстық экология департаментінің басшысы Талғат Сабиев мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Оның айтуынша, заңсыз қоқыс орындары спутниктік бақылау арқылы анықталады. Жүйе облыс орталықтарының маңындағы 50 шақырым радиустағы аумақтарды бақылап, заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауға мүмкіндік береді.
«2026 жылы Солтүстік Қазақстан облысында рұқсат етілмеген қалдықтарды орналастырудың 41 орны анықталды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 19 орынға аз. Ең бастысы – анықталған барлық 41 қоқыс орны толықтай жойылды. Жою көрсеткіші 100 пайызды құрады», – деді брифинг барысында Талғат Сабиев.
Соңғы бес жылдағы көрсеткіштер де оң өзгерісті көрсетіп отыр. Егер 2021 жылы облыста 313 заңсыз қоқыс орны тіркелсе, 2022 жылы – 163, 2023 жылы – 198, 2024 жылы – 116, 2025 жылы – 62, ал биыл олардың саны 41-ге дейін азайған.
Экология департаменті заңсыз қоқыс үйінділерінің алдын алу үшін полиция департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жоспар бойынша жұмыс істейді. Оның аясында биыл мобильді жұмыс тобы облыс бойынша 13 рейд өткізіп, заңсыз қоқыс орындарын анықтады. Тексеру қорытындысы бойынша әкімдіктер мен полицияға қоқысты жою және кінәлі адамдарды жауапкершілікке тарту туралы тиісті хаттар жолданған.
Сонымен қатар өңірде қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыруға арналған 444 нысан бар. Оның 428-інде жер учаскесіне қатысты құжаттар рәсімделген. Алайда тек 7 полигонның ғана барлық қажетті рұқсат құжаттары бар. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасады.
Тағы оқыңыз: Гүлбахша Мұсабаева: Құрылтай халықтың мүддесін қорғайтын жаңа заң шығарушы органға айналады

