Көпбейінді қалалық жедел медициналық көмек ауруханасына 53 жастағы ер адам ауыр жағдайда жеткізілді. Ол электр арамен жұмыс істеу кезінде абайсызда сол қолының білегін қатты жарақаттап алған, деп жазады Qazaqstan Media.
Оқиға ауруханаға түсерден шамамен екі сағат бұрын болған. Ер адамның білегінде терең жара пайда болып, сүйегі сынған, қан тамырлары мен жүйкелері зақымданған. Сонымен қатар ол көп қан жоғалтып, әлсіреген. Науқасқа алдымен аудандық ауруханада алғашқы көмек көрсетіліп, кейін шұғыл түрде қалалық ауруханаға жеткізілген.
Оны травматолог пен қан тамырлары хирургі бірге тексеріп, бірден операция жасау туралы шешім қабылдады. Дәрігерлер жараны тазалап, зақымданған жерлерді тексерді. Сынған сүйек арнайы металл сымдармен бекітілді. Сонымен қатар зақымданған екі қан тамыры науқастың өз көктамыры арқылы қалпына келтірілді.
Күрделі операцияны қан тамырлары хирургі Рустам Таштанов, травматолог-ортопед Алим Бедешев, анестезиолог-реаниматолог Алексей Дурович және операциялық медбике Құралай Ашкенова жүргізді.
Дәрігерлер науқасқа сол жақ білек сүйегінің ашық сынуы, қан тамырлары мен жүйкелердің зақымдануы, кесіліп-жыртылған жара және бірінші дәрежелі травмалық шок диагнозын қойды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда пробация есебіндегі 145 адамға рақымшылық жасалады

