Петропавлдағы медициналық колледж студенттері бір күндерін облыстық көпбейінді ауруханада өткізді. Бірінші курс студенттері үшін бұл алғашқы тәжірибелері. Жылдағы дәстүрге сай болашақ медбикелер пациенттерге екпе қою, дәрігер берген нұсқаулық бойынша дәрі-дәрмек тарату, жарақатты таңу сияқты маңызды жұмыстарды атқарды, деп жазады Qazaqstan Media.
Болашағын медицина саласымен байланыстырғысы келетін 24 студент үшін бүгін есте қаларлық күн болды. Себебі олар алғаш рет ауруханада нағыз медбикелер сынды жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Бұл күнді Ж.Тілеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі ұйымдастырып, «Дублер күні» деп атаған.

«Мұндай тәжірибе күнін жыл сайын ұйымдастырамыз. Әсіресе бірінші және төртінші курс студенттері үшін маңызды. Алғашқылар үшін бұл — таңдаған мамандықтарына қызығушылықтарын арттыру, ал соңғылары үшін таптырмас тәжірибе. Студенттер емханаларға да барады. “Дублер күні” аясында медбике ісі бойынша оқитын барлық студенттерді медициналық ұйымдарға жібереміз», — дейді колледж директорының орынбасары Айнагүл Абулкина.
Облыстық ауруханаға келген 24 студент бес бөлімге бөлінді. Олар қабылдау бөлімінде науқастарды қалай қабылдау керектігінен бастап, хирургия, нейрохирургия, инсульт және урология бөлімдерінде көмекші болды. Жастарға тәжірибелі медбикелер жөн сілтеп, барлығын үйретіп, жанында жүрді.

Виктория Троцевич болашақта білікті медбикелердің қатарында болуды мақсат еткен. Сондықтан ол оқудағы маңызды күнге тиянақты дайындалып келіпті. «Қандай да бір шиеленісті жағдай болса да, пациенттердің ыңғайын тауып, тіл табысуға тырысамын», — дейді ол.

«Медицина саласы — өте жауапты әрі маңызды сала. Біз адам өміріне жауап береміз. Сондықтан тәжірибе жинақтау біз үшін өте қажет. Бүгінгі ауруханадағы алғашқы қадамымыз сәтті болады деп сенемін. Науқастарды емдеу барысында медбикенің рөлі зор. Олар пациенттердің тез сауығып кетуіне үлкен септеседі», — дейді студент Виктория Троцевич.
Облыстық ауруханаға келген студенттердің барлығы да бөлімнің аға медбикелерінің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, алғашқы емдеу шараларын жүргізді.

Тағы оқыңыз: Петропавлда гараждардың бірінен кеңес дәуірінен қалған 150 патрон табылды