Өңір элеваторларында астық қабылдау жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Маңызды науқан барысында редакция тілшісі Петропавлдағы кәсіпорындардың бірінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Биыл СҚО-да егін бітік шықты. Диқандардың қажырлы еңбегі мен қолайлы ауа райының арқасында тонналап өнім алынды. Қазіргі таңда өнім элеваторларға жеткізілуде.

Осы орайда маңызды сұрақ туындайды. Өнімнің сапасы қандай? Осыны білу үшін арнайы Петропавлдағы «Alem Astyk Export» серіктестігіне келдік.

Қазіргі таңда элеваторларға бірнеше облыс пен өңір аудандарынан серіктестіктер астық әкелуде. Қабылдау орнының өз зертханасы бар. Заманауи үлгідені жабдықталған.

Бұрын қалай еді? Қызметкерлер қалағын алып, келген «КАМАЗ» — дың алдынан жүгіріп шығып, тіркемесіне мініп жататын. Қазір кезең келмеске кеткен.

Қызметкерлер жылы бөлмеде отырып, арнайы түтік бекітілген құрылғымен қажетті астық көлемін шетінен іліп алады. Зертхана меңгерушісі Тамаша Таубе жабдықтан түскен бір уыс бидайды жіті зерттейді.

«Астықты жан-жақты тексереміз. Дән сапасы мен көлемі бойынша сұрыптаймыз. Зиянкестерден амандығын анықтаймыз, ылғалдылығын да тексереміз. Бұл көрсеткіш 14 пайыздан аспауы тиіс. Егер асып кеткен жағдайда кептіруге жібереміз», — деді Тамара Таубе.

Зертхана тексеруінен ойдағыдай өткен жүк көлігі таразыға тұрады. Мамандар көлікті өлшеп, өнім салмағын тіркейді. Таразыдан түскен көлік астықты төгетін шұңқырға барады. Кейін жер астына түскен дақыл кептіру қондырғысына жіберіледі.

Астық қабылдау орны 2022 жылы ашылған. Сыйымдылығы 130 мың тоннаны құрайды. Екі кептіру қондырғысы бар. Серіктестікте барлығы 60-қа жуық адам жұмыс істейді.

«Астық қабылдау орны 30 пайызға толы. Бүгінгі күнге дейін 45 мың тонна астық әкелінді. Дәннің сапасы орташа. Көбінесе бізге 4-санаттағы бидай әкелінеді», — деді элеватор директоры Бауыржан Сақалов.

Элеваторға күніне 2200 тонна астық құйылады. Мұндағы майлы дақылдар Бельгия, Франция, Польша елдеріне жеткізіледі. Ал бидай болса Өзбекстан мен Ауғанстанға сатылады екен.

Облыста 45 астық қабылдау орны бар. Қазіргі таңда олар 47 пайызға толы. Ылғалдылық көрсеткіші 15-17 пайызды құрайды. Бұған ауа райының қолайсыздығы себеп екен.

Тағы оқыңыз: Қозыбаев университетінің 29 студенті АҚШ-та білім алуда

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *