Петропавлда салынып жатқан 280 орындық балабақша 80 пайызға дайын. Нысандағы жұмыс барысын «AMANAT» партиясының СҚОФ партиялық бақылау комиссиясы ұдайы тексеріп отырады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавл қаласының «Жас Өркен» шағын ауданында 280 орындық балабақша құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда ғимараттың дайындық деңгейі шамамен 80 пайызды құрайды. Монолитті жұмыстар толық аяқталып, блоктар мен жабындар орнатылған, сыртқы инженерлік желілер тартылған.
Қазіргі уақытта құрылысшылар сыртқы әрлеу және аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізуде: қоршау орнатылып, асфальт төсеуге дайындық басталған. Бір блокта ішкі әрлеу басталса, екіншісінде – жұмыстар аяқталуға таяу.
⠀«Нысан – партияның тұрақты бақылауында. Жұмыстар белгіленген кестеге сай жүргізілуде, айтарлықтай ескертулер жоқ. Мердігер мерзімнен қалмай, 2025 жылдың желтоқсан айында балабақша пайдалануға беріледі деп күтеміз», – деді партиялық бақылау бекетінің жетекшісі Елена Семидоцких.
⠀
Нысанда күн сайын шамамен 70 адам еңбек етуде. Партия өкілдерінің айтуынша, жаңа балабақша қарқынды дамып келе жатқан шағын аудан үшін маңызды әлеуметтік нысан болмақ. Оның қолданысқа берілуі жұмыс істеп тұрған балабақшалардағы жүктемені айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бірнеше адам жұмыспен қамтылады.
Тағы оқыңыз: Полицейлер облыста дәрілік заттарды тексеру барысында есірткі заттары бар 1 мың таблетка тәркіледі