Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Мамлют ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік-экономикалық жобалардың жүзеге асу барысын бақылап қайтты. Қазір Мамлютка қаласында әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға арналған 16 пәтерлі үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Пәтерлер қыркүйек айында пайдалануға беріледі, деп жазады Qazaqstan Media.
Аталмыш ауданда ауызсудың сапасын арттыру мақсатында құны 1,3 млрд теңгені құрайтын сегіз жоба іске асырылуда. Оның аясында төрт ауылда су тазарту модульдері орнатылады. Сонымен қатар орталық қазандықтағы екі қазандықтың жанына биыл қосымша жаңа қазандық қойылмақ.
Келесі айда ауданда экологиялық таза желім қолданатын ағаш жоңқасынан тақта өндіретін «Сапа Инвест Плюс» зауыты іске қосылады. Жылына 30 мың тонна өнім шығаратын кәсіпорында 15 жаңа жұмыс орны ашылды. Айта кетейік, бұл жоба республика бойынша теңдесі жоқ.
Сонымен бірге Мамлют ауданында аквакультура бағыты да дамып келеді. Жергілікті кәсіпкер Александр Ухов өсірген балықтың 150 тоннасы биыл экспортқа шығарылмақ.

Ауданішілік және ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Жыл соңына дейін 12 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.

Өңір басшысы егін жинау науқанымен танысып, Дубровное ауылындағы «Бредун» шаруа қожалығында астық сақтау алаңын және минералды тыңайтқыш шығаратын шағын зауытты аралады.
Тағы оқыңыз: Петропавлдық жастарды дұрыс тамақтануға шақырған шара