Петропавлда пайдалануға берілгеніне 4 жыл ғана болған Жамбыл көшесі бойындағы 80-ші үйдің тұрғындары жарыққа жарымай отыр. 330 пәтерлі баспанада электр энергиясы жиі сөніп қала беретін көрінеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Жамбыл көшесі, 80 мекенжайында орналасқан 9 қабатты баспана 2019 жылы қолданысқа берілген. Сол кезде мұнда 330 отбасы қоныс тойын тойлады. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Үй резервтік кабельге қосылғандықтан жиі жарық сөніп қала беретін көрінеді. Проблемасын айтып тұрғындар тиісті мекемеге сан мәрте жүгінгенімен мардымды жауап болмаған. Онымен қоса, баспана газбен де қамтылмаған. Салдарынан электр энергиясы өшкенде петропавлдықтар астарын да әзірлей алмайды екен.
«Жуырда таңғы 7-ден кешкі 9-ға дейін жарықсыз отырдық. Біз барлық құзырлы органдарға хабарластық. Бірақ еш нәтиже жоқ. Біздің кабель резервте екенін айтты. Бізді қашан тұрақты қосалқы станцияға қосады? «Севказэнерго» бізге қызмет көрсетпейді. Қай уақытқа дейін осылай жарықсыз қала бермекпіз? Бұл ауданда, тағы да көптеген үйлер салынып жатыр. Сонда біз солардың барлығының тапсырылғанын күту керекпіз бе», — дейді қала тұрғыны Гүлзира Серкенова.
Тұрғындардың сөзінше, жыл басынан бері кемінде 10 рет электр жарығы сөндірілген. Бұл жоғарғы қабатта тұратындар үшін тіптен ыңғайсыз.
«Жарық жиі сөнгендіктен лифт үнемі істен шығады. Содан біз сияқты қарт адамдар үшін жоғарғы қабатқа жету қиындайды. Электр энергиясы өшкенде, біз жылусыз, тамақсыз қаламыз. Өйткені, бізге газ да тартылмаған. Осы мәселені шешіп берсе екен», -дейді Шолпан Биісова.
Көпқабатты тұрғын үйдегі электр қуатына қатысты мәселе әкімдікке мәлім. Олар жағдайды былай деп түсіндірді.
«Қазіргі таңда Горкий көшесі жөнделіп жатыр. Нөсер кәрізін орнату кезінде осы үйдің кабелі зақымданған. Қазіргі таңда апат толығымен жойылды. Кабель қалпына келтірілді. Енді қазба жұмыстары болмайды», — дейді ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Берік Темірбеков.
Әкімдік өкілдері баспанада жуырда жарық болмауының себебін айтты. Бірақ бұл проблеманың неліктен 4 жыл бойы жалғасып келе жатқандығын айтып түсіндіре алмады.
Тағы оқыңыз:СҚО-да астықтың жартысынан астамы жиналды