Су тасқыны кезінде Қызылжар ауданында жалпы 1546 үй су астында қалды. Қазіргі уақытта олардың тек 593-іне техникалық бағалау жүргізіліп, 96 үйдің нәтижесі ғана белгілі болған. 9 үй жарамсыз деп танылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қазіргі уақытта Қызылжар ауданындағы 929 үй иесінің мүлкі бағаланып, 139-ына мүлік бағасы берілді. Ауданда бағалау жұмыстары қызу жүргізілуде. Бұл жұмысқа «Стадия» ЖШС жауапты. Алайда жұмыстың көптігіне және мамандардың жетіспеуіне байланысты аудандағы бағалау жұмыстарына астаналық мамандар көмекке келген.
«Бағалау жұмыстары тұрғындардың рұқсатымен, олардың қатысуымен жүргізіліп жатыр. Қазір мамандар Бескөл, Тепличный мен Прибрежный ауылдарында жұмыс істеп жатыр. Боголюбова ауылындағы 9 зардап шеккен үй қайта қалпына келтіруге болмайды деп танылды. Тұрғындар басқа баспанамен қамтамасыз етілетін болады. Бізге тасқын судың зардабын жоюға көмекке Аққайың ауданынын 5 мехбригада келді. Қазір ауылдарды қоқыстан тазарту, дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Қызылжар ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Жанель Батанова.
Қызылжар ауданында бүгінде 1459 адамға жалпы соммасы 538 млн 662 мың теңге көлемінде бірретік төлем берілген.
Тағы оқыңыз:Петропавлда су басқан 238 үй тұруға жарамсыз деп танылды