Петропавлда Ұлы жеңістің 79 жылдығына орай «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтары қойылды. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов пен ҰОС, тыл ардагерлері бастаған өңір жұртшылығы қатысты. Алаңға жиналғандар соғыста қаза болған батырлардың рухына тағзым етіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сұм соғыс басталғанда жүз мыңнан астам солтүстікқазақстандық жауынгер майданға аттанып, қасық қаны қалғанша жаумен күресіп, жерімізді қоғады. Олардың 56-сы Ұлы отан соғысының батыры атанса, 11-і «Даңқ» орденімен марапатталды. Біразы елге оралмады. Бүгін сол батыр бабаларымызды ұрпақтары еске алып, рухына тағзым етті. Іс-шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов пен ҰОС ардагері Василий Макиенко қатысты. Биыл қарт майдангер 99 жасқа толған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде қария небәрі 14 жаста болған.
«17 жасымда маған әскерге шақырту келді. Әскери дайындықты Боркиде запастағы 44 атқыштар полкінде өттім. Содан кейін 1944 жылы Беларусь жеріне аттандық. Осылайша, соғысқа қатысып, еліміз үшін күрестік. Сұм соғыстан аман-есен оралып, жақындарыммен де қауыштым. Қазіргі жастарға бейбіт күннің қадірін біліңдер деп айтқым келеді. Еліміз аман болсын. Мереке құтты болсын», — деді соғыс ардагері Василий Макиенко.
Жеңіс күніне орай алаңға жиналған жұртшылықты облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов мерекемен құттықтап, ардагерлерге алғысын білдірді.
«Құрметті ардагерлер мен тыл еңбеккерлері, жерлестер. Баршаңызды жеңіс күнімен құттықтаймын. Бұл ерлік пен бірліктің, даңқ пен батырлықтың күні. Бүгін майданда қалған жауынгерлерді еске алып, ардагерлерге құрмет көрсетеміз. Үлкен буынның жасаған ерліктері ешқашан да ұмыт болмайды. Жастар бірлік пен тыныштықтың бағасын біліп өсуі керек. Аталары аман алып қалған кең даламызды, елімізді дамыту бүгінгі ұрпақтың парызы. Мереке құтты болсын. Еліміз әрқашан көркейі берсін», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетов.
Елімізде 1418 күнге созылған соғыс оты шарпымаған отбасы болмады. Бірі атасынан, енді бірі – әкесі мен бауырынан айырылды.
Айта кетейік, бүгіндері облыста төрт қана соғыс ардагері қалған. Олардың барлығы Петропавлда тұрады.
Тағы оқыңыз:Ардагерлер медициналық қызметті үйлерінде алады