Туризм және спорт министрлігі мен Олимпиадаға дайындық штабының өкілдері Мәжіліс депутаттарымен кездесуде 2024 жылы Францияның Париж қаласында өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына ұлттық құраманың дайындығын баяндады. Олар қай өңірдің спортшылары төрт жылдықтың басты жарысына жолдама алғанын айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі Қазинформға сілтеме жасап.
Олимпиадаға дайындық штабының жетекшісі Елсияр Қанағатов қазіргі таңда Қазақстан құрамасы төрт жылдық додаға қанша жолдама жеңіп алғанын айтты. Ол кейбір облыстың спортшылары әлі бір де бір жолдамаға қол жеткізе алмағанын атап өтті.
«Бүгінгі таңда Қазақстан спортшылары спорттың 17 түрі бойынша 50 лицензия (48 спортшы) жеңіп алды. Ең көп лицензияға Шымкент қаласының спортшылары қол жеткізіп отыр. Олардың еншісінде — 10 жолдама болса, Алматы қаласының спортшыларында — 8, Шығыс Қазақстан облысында — 5, Жетісу мен Түркістан облысында — 4, Астана қаласы мен Жамбыл облысында — 3, Қызылорда мен Алматы облысы — 2, СҚО, БҚО, Ақмола, Абай, Қарағанды, Ақтөбе облыстарында бір-бірден лицензия бар. Өкінішке қарай Қостанай, Маңғыстау, Атырау, Ұлытау және Павлодар облысының спортшылары әлі бір де бір жолдама ала алмай келеді. Әрбір жергілікті облыстық спорт басқармалары бұл олқылықтың орнын толтыруы тиіс» деді Елсияр Қанағатов.
Сонымен қатар штаб басшысы алда Қазақстан құрамасын тағы да көптеген лицензиялық турнирлер күтіп тұрғанын, жолдамалар саны әлі де арта түсетінін жеткізді.
Еске сала кетсек, биылғы XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілде-11 тамызы аралығында өтеді.
Оған дүниежүзінің 205 елінен 10 500 спортшы қатысады деп жоспарланып отыр. Спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Тағы оқыңыз:Петропавлда су сору жұмыстары жалғасып жатыр