Уәлиханов ауданында оқушылар, студенттер және де қоршаған ортаның тазалығына бей-жай қарамайтын жастар сенбіліктер ұйымдастырып, республикалық «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысуда. Экологиялық іс-шараны өткізіп жүрген еріктілермен Qazaqstan Мedia тілшісі тілдесіп, жоспарларын біліп қайтты.
Уәлиханов ауданында сенбіліктер жиі өткізіледі. Өткен аптада экологиялық іс-шараға мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері мен еріктілер қатысты. Олар топтарға бөлініп, өздеріне бекітілген көшелерді жинады. Ал осы аптада белсенді жастар қарттар мен мүгедектерге көмек көрсетпек.
«Қазір бізде «Өнегелі ұрпақ» апталығы өтіп жатыр. Ол мамырдың 4-іне дейін жалғасады. Осы аралықта қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетеміз. Осыған дейін біз «Таза бейсенбі» акциясын ұйымдастырып, біраз шаруа тындырдық», — деді Уәлиханов ауданы жастар ресурстық орталығы директорының міндетін атқарушы Бақыт Жұмағұлова.
Жастар ресурстық орталығы белсенділерінің қатарында мектеп оқушылары, студенттер, тіпті ересектер де бар.
«Біздің ауданда төрт еріктілер тобы бар. Олардың үшеуі мектеп оқушыларынан құралған. Тағы біреуіне ауылшаруашылығы колледжінің студенттері кіреді. Негізінен 14 жастан асқан жандар қабылданады. Қатарымызда 35 жастан асқан адамдар да бар», — деді Бақыт Мұратбекқызы.
Оқушылар мен студенттер сабақтан қалып қоймас үшін жастар ресурстық орталығының мамандары ең алдымен кестемен танысып, олардың қай кезде бос екендігін анықтайды. Тек содан кейін ғана олар экологиялық іс-шараларға тартылады.
«Біздің еріктілер әрқашан өздерінің белсенділіктерін көрсетеді. Сенбіліктер, қайырымдылық шаралары өткен кезде олар алдыңғы қатарда жүреді. Бос отырмау үшін түрлі акциялар мен іс-шараларды өздері ойлап тауып та жатады. Жастар қарттарға жыл бойы көмек көрсетеді», — деп толықтырды спикер.
Жасы кішілеріне ересектер қамқорлық көрсетіп, ауыр жұмысқа салмайды. Сондықтан олар ауылдастарын сенбіліктерге шақырып, қоқыс жинаумен ғана айналысады. Ал үлкендер жағы тырма, сыпырғышпен көшелерді тазартып, ақтау, сырлау секілді жұмыстарды жасайды.
Жастардың еңбегі назардан тыс қалып жатқан жоқ. Былтыр аудандық әкімдік форум өткізіп, еріктілердің жұмысын ерекше атап өтті. Волонтерлерге ауыл тұрғындары да қолдау көрсетеді.
«Біз сенбілік өтетіндігі жөнінде хабарлама таратқанда, адамдар мүмкіндік болса шығып, көмектесуге тырысады. Көшені қоқыстан тазартып жүрген балаларды мақтап, қамқорлық көрсетеді. Тұрғындар белсенді. Және де барлығы еріктілерді біледі. Олардың жұмысын құрметтейді», — деп қорытындылады Бақыт Жұмағұлова.
Айта кетейік, кезекті сенбілік Уәлиханов ауданында ертең, яғни 1 мамыр күні өтеді.
Тағы оқыңыз: Ішімдік пен азық-түлік ұрлаған: Петропавлда супермаркетті тонаған екі азамат ұсталды